Максим Рожин: Президенттің елді алаңдатып отырған проблемаларға қанық екені сезіліп тұр
АСТАНА. KAZINFORM – Мәжіліс депутаты Максим Рожин Президенттің Қазақстан халқына Жолдауы өз сайлаушыларымен кездесуде көтерілген мәселелерді қамтығанын айтады.
«Жаз бойы өңірлерді аралағанымызды білесіздер. Мен үш өңірде болдым. Сол кезде сайлаушылар көтерген мәселенің басым бөлігі бүгінгі Президент Жолдауында көрініс тапты. Тіпті бізге қойылған көптеген сұраққа бүгінгі Жолдауда берілген тапсырмалар арқылы жауап берілді деуге болады», - деді депутат.
Мәжіліс депутаты халықтың көкейінде жол мен медицина сапасына қатысты сұрақ көп екенін айтады.
«Ауыл тұрғындары ауыл шаруашылығындағы субсидия, ауылдағы бизнесті қолдау мәселесіне байланысты сұрақ көп қояды. Соның бәрі дерлік Президенттің Жолдауында қамтылды. Мемлекет басшысы қоғамда бар, елді алаңдатып отырған проблемаларға қанық екені сезіліп тұр», - дейді Максим Рожин.
Айта кетсек, бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» тақырыбымен Қазақстан халқына Жолдауын жариялады.