Максим Споткай: Азаттық аспаннан түсіп, мемлекетіміз өзі құрылған жоқ
ҚР Парламенті Сенаты аппаратының басшысы Максим Споткай бүгінгі ұлттық мерекенің маңыздылығын түсіндіріп өтті, деп хабарлайды Kazinform.
Оның айтуынша, Мемлекет басшысы тәуелсіздіктің бастауында болған мемлекет және қоғам қайраткерлерінің ерен еңбектеріне ерекше тоқталды.
Сенат аппараты басшысы ұлттық мереке – Республика күні қарсаңыңда сөйлеген сөзінде Президент азаттық жылнамасында ерекше орын алған қайраткерлердің есімдерін атады.
Олардың қатарында заң шығару саласында еселі еңбек еткен Парламент депутаттары Салық Зиманов, Серіболсын Әбділдин, Зинаида Федотова, Ерік Асанбаев, Әбіш Кекілбаев, Сұлтан Сартаев, Александр Княгинин, Сенаторлар кеңесінің мүшелері Қуаныш Сұлтанов пен Өмірбек Байгелді тағы басқа.
«Азаттық бізге аспаннан түсіп, мемлекетіміз құр жерден құрылған жоқ. Тәуелсіздіктің бастауында ұлтын сүйген отаншыл азаматтардың табанды мінезі мен қажыр-қайраты тұр. Баянды болашағымыз үшін сол тұлғалардың өмірінен үлгі алуымыз керек. Біз - Тұран даласындағы сонау Көк түркі дәуірінен бергі мемлекеттердің заңды мұрагеріміз. Егемендігімізді қызғыштай қорғап, қуатты мемлекетімізді одан әрі дамыту, баршамыздың қастерлі парызымыз», - деді Максим Споткай.