Мақта өңдеу ұйымдарының кәсіпкерлiк қызметтi жүзеге асыруына қойылған шектеулер алынады
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінің жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мақта саласын дамыту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы мақұлданды. Мәжіліс депутаттары бастама жасаған құжат қазақ тілінде әзірленген.
«Заң жобасында ұсынылған өзгерістерге келсек, біріншіден, мемлекеттiк басқару деңгейлерi арасындағы өкiлеттiктердiң аражiгiн ажырату және мақта өңдеу ұйымдарын уақытша басқаруды енгiзу, ұзарту және тоқтата тұру мәселелерi бойынша өкiлеттiктердi сотқа беру кезiнде туындаған коллизиялары жойылады. Екіншіден, заң бұзушылыққа жағдай жасайтын шарттарды жою мақсатында мақта өңдеу ұйымына уақытша басқаруды енгізуді уәкілетті орган ұйымына емес, сот шешімімен енгізу көзделеді. Үшіншіден, мақта нарығына қатысушылар қатарына «мақта дайындау ұйымы» деген ұғым енгізу қарастырылған», - деді депутат Розақұл Халмұрадов. Оның түсіндіруінше, мақта дайындау ұйымы - бұл шитті мақта сатып алуды, дайындауды жүзеге асыратын заңды тұлға. Ал бүгінгі таңда шитті мақта өндіретін агроқұрылымдардың 99,5 пайызы өз өнімін сақтау не қайта өңдеу үшін зауыттарға өткізбейді, кез-келген трейдерлік компанияларға шитті мақта ретінде ақшаға сатады. Депутаттың пайымынша, ондай трейдерлік компаниялардың қызметі бақылаудан тыс қалған. Соның салдарынан өндірілген шитті мақта мен мақта тазалау зауыттарында өндірілген мақта көлемінің арасында алшақтықтар пайда болып отыр. «Осыған байланысты шитті мақта сатып алушыларды мақта нарығына қатысушылар ретінде енгізу керек», - деді Р. Халмұрадов. Тұтастай алғанда, заң жобасында мақта өңдеу ұйымдарының кәспкерлiк қызметтi жүзеге асыруына қойылған барлық шектеулердi алып тастау ұсынылып отыр. Бұл оларға мақташылардың қажеттiлiгiне, мақта өндiрiсi жұмыстарының маусымдылығына ден қоюда икемдiлiктi қамтамасыз етеді.