Мақта саласын дамытуға арналған заң жобасы таза қазақ тілінде әзірленді - Р. Халмұрадов

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Парламент Мәжілісінде «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мақта саласын дамыту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасының таныстырылымы болып өтті.

Мақта саласын дамытуға арналған заң жобасы таза қазақ тілінде әзірленді - Р. Халмұрадов

Аталған заң жобасына бірқатар депутаттар бастамашылық жасаған болатын.

«Заң жобасы таза мемлекеттік тілде-қазақ тілінде әзірленді. Жобаның негізгі нұсқасы қазақ тіліндегі мәтін екенін атап айтқым келеді», - деді құжатты таныстырған Мәжіліс депутаты Розақұл Халмұрадов. Оның айтуынша, заң жобасымен «Қазақстан Республикасындағы селолық тұтыну кооперациясы туралы», «Ауыл шаруашылық серіктестіктері және олардың қауымдастықтары (одақтары) туралы» және «Мақта саласын дамыту туралы» заңдарына өзгерістер мен толықтырулар енгізу қарастырылып отыр.

Жалпы, заң жобасымен Қазақстанның мақта саласын дамытуды мемлекеттік қолдаудың бірқатар жүйелік шаралары бекітілетін болады. Ал оларды қабылдаудың қажеттілігі еліміздегі мақта саласының қазіргі уақытта құлдырай бастауымен байланыстырылады. Ал мұндағы басты проблемаларға мамандар негізінен заңнаманың жетілдірілмеуін, қаржыландыру жүйесі тиімділігінің төмендігін, әкімшілік кедергілерді, заманауи агротехникалық білімді енгізудің жеткіліксіздігін айтады.

«Заң жобасының жаңалығына келсек, лауазымды тұлғалар тарапынан шаруашылық субъектілерінің қызметіне араласудың заңдылығы мен негізділігін қамтамасыз ету мақсатында «Заң бұзушылыққа жағдай жасайтын себептер мен шарттарды жою туралы» Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының нұсқамасы бар. Соны басшылыққа ала отырып мақта өңдеу ұйымына уақытша басқару енгізуді сот шешімімен іске асыру қарастырылды. Яғни, қазіргі жағдайда мақта өңдеу ұйымдарына уақытша басқару енгізу өкілетті органның бұйрығымен болып келсе, енді біз оны сот шешімімен іске асыруды ұсынамыз», - дейді депутат Р. Халмұрадов.