Мақта саласында делдалдар қызметі шектелетін болады - Мәжіліс

АСТАНА. ҚазАқпарат - Мақта саласында делдалдар қызметі шектелетін болады. «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мақта саласын дамыту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасында депутаттар осындай норманы қамтуды көздеп отыр.

Мақта саласында делдалдар қызметі шектелетін болады - Мәжіліс

Бұл туралы бүгін аталмыш заң жобасының таныстырылымы барысында мәлім болды.

«Қолданыстағы заң бойынша мақта өңдеу ұйымына шитті мақтаны мақта талшығы етіп өңдеу және мақта қолхаттарын беру арқылы қойма қызметтерін көрсетуден басқа кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыруына тыйым салынған. Бұл тыйым норма мақта өсіруші дихандарға да, мақта өңдеу ұйымдарына да зияны болмаса пайдасын бермеді. Керісінше, мақта өңдеу ұйымдарынан жергілікті бюджетке түсетін салықтың мөлшері азайып кетті», - дейді Мәжіліс депутаты Розақұл Халмұрадов. Мәселен, депутаттың айтуынша, мақта саласындағы бір ғана «Ақ-Алтын» корпорациясы осы заң нормасы күшіне енгенге дейін жылына 20-25 млн. теңге салық төлеп келсе, заң күшіне енгеннен соң салық түсімі екі есеге кеміген. Бұл ретте депутат мақта бағытында арада жүрген делдалдар үшін салықты төлеуді айналып өтуге жол ашылғанын алға тартады.

«Бұрын мақта өңдеу ұйымдары шетелден немесе отандық кәсіпкерлерден инвестиция тартып, мақта егудің алдында мақта өсірушілермен фьючерлік келісімшарт жасасып, қажетті қаржы алатын болған. Күзде алынған қаражаттың орнына мақта шикізатымен есеп айырысатын. Алайда, кәсіпкерлікке тыйым салу туралы қолданыстағы норма іске қосылғаннан бері, мақта өңдеу ұйымдары ондай мәселемен айналыса алмай қалды. Сол себепті бұл жерде делдалдар пайда болып, дайын өнімді сатып алып, оны қайта сатумен солар айналысып кетті. Сондықтан да, қолданыстағы заңнан әлгіндей тыйымды алып тастау қажет», - дейді Р. Халмұрадов.