Мақта саласындағы шаруашылықтарды ірілендіру көзделеді - заң жобасы
АСТАНА. ҚазАқпарат - Мақта саласындағы шаруашылықтарды ірілендіру қарастырылуда. Бұндай мәселе «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мақта саласын дамыту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасында қамтылып отыр.
Бұл туралы бүгін аталмыш заң жобасының таныстырылымы барысында мәлім болды.
Заң жобасына бастамашылық жасаған депутаттың бірі Розақұл Халмұрадовтың айтуынша, Мемлекет басшысы Ауыл шаруашылығы министрлігіне, жергілікті атқарушы биліктерге ұсақ шаруа қожалықтарын ірілендіру мәселесін айтып келеді. Депутаттың сөзіне қарағанда, шаруа қожалықтары да бұған қарсы емес, бірақ барлық проблема жер мәселесіне келіп тіреледі. Соған орай, жердің меншік иелері мен жер пайдаланушылардың қалауы бойынша пайлық жарна ретінде жер учаскелерін енгізуге болады деген норма қарастырылған.
«Мақта саласында 30 мыңнан астам аграрлық құрылым бар. Олардың 51 пайызында жер көлемі 1-5 гекта аумағында ғана. 43 пайызы 5-10 гектар аралығында, ал 93 пайызы 1-10 гектар аралығында болып отыр. Оларда ауыспалы егістік секілді дүниелерді енгізу аса қиын. Дегенмен, бұларды ірілендіруге олардың ешбіреуі барып отырған жоқ. Негізгі кедергі - жер мәселесі», - деп түсіндіреді бұл жайтты депутат. Оның айтуынша, серіктестік немесе одақ құру арқылы бұл мәселенің оң шешімін табуға болады. Шаруалар өздерінің жерлерін жоғалтпайды.
«Сонымен қатар, шаруашылықты ірілендіруге әсер ету мақсатында мемлекеттік қолдау аясындағы субсидияны ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің таңдауы бойынша тікелей өздеріне, не ауыл шаруашылығы кооперативтері немесе серіктестіктері арқылы төлеу ұсынылады. Дамыған Европа мемлекеттерінің ауыл шаруашылығында бұндай нормалар кеңінен қолданылады. Заң жобасындағы осы өзгерістер мен толықтырулар ұсақ шаруашылықтарды ірілендірудегі алғашқы қадам болады деп ойлаймыз», - дейді Р. Халмұрадов. Оның сөзіне қарағанда, уақ шаруа қожалықтары бүгінгі таңда мемлекеттік қолдауды дұрыс ала алмай отыр. Ал ірілендіру саясатының арқасында осы бағытта тиімді нәтижелер көрініс беруі де мүмкін.