Мақта сатып алу үшін жеке тұрақтандыру қоры құрыла ма

АСТАНА. ҚазАқпарат - Мақта сатып алуға жекелеген тұрақтандыру қорын құру тиімсіз. Бұл жайында Мәжіліс депутаттарының сауалына ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – Сауда және интеграция министрі Серіек Жұманғариннің жауабында айтылған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Мақта сатып алу үшін жеке тұрақтандыру қоры құрыла ма

Оның атап өтуінше, мақта шаруашылығы мәселелері осы жылдың 27 қазанында Парламент Мәжілісі депутаттарының, орталық атқарушы органдар (Индустрия және инфрақұрылымдық даму, Сауда және интеграция, Ауыл шаруашылығы министрліктері, Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі) өкілдерінің, мақта өңдеу кәсіпорындары мен мақта шаруашылығы басшыларының қатысуымен өткен кеңесте қаралды.

Кездесу қорытындысында мақта өсірушілер мен мақта өңдеу кәсіпорындарының басшылары сақтауды қамтамасыз етіп, кейіннен 2023 жылғы ақпанда нарықтық баға бойынша сатып алуға келіскен.

«Мақта шаруашылығының негізгі проблемасы - сұраныс пен ұсынысқа байланысты оның нарықтық қалыптасуына орай мақта бағасының ауытқуы. Сонымен қатар, саланы қолдау мақсатында биыл 6 871 ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге пестицидтер, биопрепараттар, тыңайтқыштар сатып алуға, сондай-ақ тұқым өндіруді қолдауға 2,1 млрд теңге бөлінді. Мемлекеттік қолдау іс-шаралары мен саланы дамыту үшін бизнесті ынталандыру бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстарды ескере отырып, мақта сатып алуға жекелеген тұрақтандыру қорын құру тиімсіз деп санаймыз. Ол да тиісті инфрақұрылымды салуға бюджеттен қомақты шығыстарды талап етеді», - деді Серік Жұманғарин.


Фото: csiro.au