Мақтаарал ауданында пробация үйі ашылды
Пробация үйінде бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған және пробация қызметінің есебінде тұрған адамдарға әлеуметтік-құқықтық, медициналық және заң тұрғысында көмек көрсетіледі. Олардың жұмысқа орналастыру, құжаттандыру, зейнетақы және жәрдемақыларды рәсімдеуге қолдау жасалады. Осылайша аталған іс-шаралар орталықтандырылып, қызмет атқару тәртібі мен реттілігі «бір терезе» қағидасы бойынша жеңілдетіліп отыр.
«Мақтаарал ауданы бойынша пробация қызметінің есебінде тұрған адамдарға әлеуметтік-құқықтық, медициналық көмек көрсету бойынша «Пробация үйін» ашу үшін аудан әкімдігі тарапынан қаулы қабылданған болатын. Міне, бүгін аталған үй пайдалануға беріліп отыр. Қазіргі таңда пробация қызметінде есепте тұрған азаматтарға әлеуметтік қолдау шараларын көрсету бойынша аудан әкімдігі тарапынан жұмыс жоспары бектітіліп, жоспарға сәйкес тисіті жұмыстар атқарылуда», - деді жиында сөз сөйлеген аудан әкімі Бақыт Асанов.
Айта кетейік, жыл басынан бері ауданда пробация есебінде тұрған азаматтарға әлеуметтік қолдау шараларын көрсетуге пробация қызметі бөлімі тарапынан 43 адам жолданған. Оның ішінде 21 адамға әлеуметтік қолдау шаралары көрсетілген.
Атап айтқанда, 1 адам жастар практикасына, 2 адам қоғамдық жұмыстарға, 6 адам қысқа мерзімді кәсіптік оқуға жолданса, 12 адам ауданнан бекітілген «Пробация қызметінде есепте тұрған азаматтарды жұмыспен қамту квотасына» сәйкес, «Ел су» ЖШС-не және Атакент кентінің ауруханасына жолданған. Сонымен қатар, 22 адамның отбасына атаулы әлеуметтік көмек тағайындалған.