Мақтаарал ауданында тағы бір ауылды су басты

None
None
МАҚТААРАЛ. ҚазАқпарат - Мақтаарал ауданында енді Өргебас елдімекенін су басты. Бұл туралы облыс әкімдігі шұғыл мәлімет таратты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Бүгін таңғы 05.00-тен бастап 250 үйі суға батқан Фердоуси ауылы бағытынан Жаңажол ауылдық округінің Өргебас елдімекеніне қарай су келе бастады. Екі ауылдың ара қашықтығы - 3 шақырым. Таңғы 8.00-де су Өргебас елді мекенінің 194 үйін басып қалды. Ауылдың 1451 тұрғыны эвакуацияланды. Көшіру барысында зардап шеккендер жоқ» делінген хабарламада.

Айта кетейік, төтенше жағдай қалыптасқан Мақтаарал ауданында су деңгейі төмендейтін түрі жоқ. Қайта су басқан ауылдар саны көбейіп барады. Бастапқыда төрт елдімекеннің халқы қауіпсіз жерге көшірілсе, түнде аудан орталығынан 12 мыңдай адам эвакуацияланған.

Естеріңізге сала кетейік, 1 мамырда Сардоба су қоймасы бөгетін су шайып кетуіне байланысты Өзбекстанның Сырдария облысындағы елдімекенді су басты.

Соның салдарынан Мақтаарал ауданында шекара маңындағы бірнеше коллектор суға толып қалған. Мақтааралдағы орталық коллектордан су сыртқа жайылып, Жеңіс, Жаңа тұрмыс ауылдарын су алып кетті. Облыстық маңызы бар «Мырзакент - Жеңіс - Жаңа тұрмыс» автомобиль жолын су басып, көлік жүре алмай отыр. Төрт ауылдан 5400 адам қауіпсіз жерге көшірілген.

Сондай-ақ Түркістан облысында су тасқыны қаупі төнген 3 ауылдың халқы эвакуацияланып жатыр. Облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев халықты сабырға шақырып, төтенше жағдайды реттеуге аймақтың толық мүмкіндігі бар екенін айтты.


Соңғы жаңалықтар