Мақтаарал ауданының әкімі үшем босанған анаға тарту-таралғы жасады

ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат – Түркістан облысы Мақтаарал ауданының әкімі Бақыт Асанов Достық ауылдық округіне қарасты Бескетік елдімекенінде тұратын Сақбаевтар шаңырағында болды. Аудан басшысы үшем босанған анаға тарту-таралғы жасады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Мақтаарал ауданының әкімі үшем босанған анаға тарту-таралғы жасады

Отбасының келіні, 20 жасар ана Асылзат Ералы осы жылдың 12 қарашасында 3 ұл баланы дүниеге әкелген болатын. Жас ананы құттықтаған аудан басшысы ізгі тілегін арнап, арнайы сый-сияпатын табыстады.

Cонымен қатар, ауыл әкімі мен учаскелік дәрігерлерге ана мен бала жағдайынан жиі хабар алып тұру керектігі жөнінде тапсырма берді.

«Мемлекетіміз халықтың санын барынша өсіруге мүдделі. Сондықтан, ана мен балаға, көпбалалы аналарға жағдай жасау үшін мемлекет тарапынан түрлі әлеуметтік көмектер беру қарастырылған. Бұл ретте ауданымыз сәбилердің туу көрсеткіші бойынша жоғары өңір саналады. Міне, оған дәлел ретінде жас ана Асылзат Айнабекқызын айтуға болады. Бірден үш сәбиді босану - бұл ерлікпен пара-пар. Сондықтан, аудан басшысы ретінде құттықтап, жағдайынан хабар алу - мен үшін парыз. Жас анаға және өмірге келген үш бірдей ұлымызға зор денсаулық тілеймін», - деді Бақыт Насырханұлы.

Айта кетейік, жас ана Асылзат Ералы ҚР «Балалы отбасыларға берілетін мемлекеттік жәрдемақы туралы» және ҚР «Атаулы әлеуметтік көмек туралы» заңы бойынша бала 1 жасқа толғанға дейінгі және атаулы әлеуметтік көмек түріндегі жәрдемақыны алады.