Мақтаарал тұрғыны алаяқтық жолмен 83 млн теңгені қалтасына басқан

МАҚТААРАЛ. ҚазАқпарат - Түркістан облысы Мақтаарал ауданында жергілікті тұрғын жұрттан бизнеске деп алдап ақша алып, қайтармай қойған. Сөйтіп жәбірленушілерге 83 млн теңге шығын келтірген, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Мақтаарал тұрғыны алаяқтық жолмен 83 млн теңгені қалтасына басқан

Түркістан облыстық ПД баспасөз қызметінің мәліметінше, 32 жастағы алаяқты қолға түсіруге жәбірленушілердің арызы себеп болған. Шымкент қаласының тұрғыны күдіктінің «мия тамырын сатып, жақсы табыс табамыз» деген желеумен 30 миллион теңгеден астам ақшасын алдап алып кеткенін айтқан.

Тергеу барысында сезіктінің осындай сылтаумен өзгелерден де 16,5 миллион теңгеден астам ақшаны жымқырғаны анықталды. Мақтарал ПБ полиция қызметкерлері жедел іс-шара барысында алаяқтық жасап жүрген күдіктіні қолға түсірді. Жауап алу барысында оның 5 алаяқтық фактісіне қатысы бары және тапқан ақшасын өз қажеттіліктеріне жұмсағаны дәлелденді.

«Мақтааралдық полиция қызметкерлері аталған факті бойынша Қылмыстық кодекстің 190-бабы «Алаяқтық» бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдарын жүргізді. Қылмыстық істің сотқа дейінгі тергеу материалдары айыптау актісімен бірге сотқа жолданды. Қазіргі таңда сот шешімімен 32 жастағы сотталушы 6 жылға бас бостандығынан айырылды» делінген хабарламада.