Мақтааралда бесік той жасап, 80 қонақ шақырған тұрғын айыппұл төлейді

МАҚТААРАЛ. ҚазАқпарат - Түркістан облысында карантин талаптарын өрескел бұзып, бесік той жасаған тұрғын анықталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
None
None

Қазіргі таңда коронавирус індетіне байланысты елімізде карантин режимі енгізілгені баршамызға белгілі.

Осыған қарамастан, облыс тұрғындары ағайын-туыс, дос-жарандарын шақырып, ұлан-асыр той жасауын тоқтатар емес.

Осы тұста карантин талаптарының сақталуын қадағалау мақсатында құрылған арнайы мобильдік топтар, той-жиындарға жиналған көпшілікті тарқатуда.

Бұл бағыттағы жұмыс тұрақты жүргізілуде.

Мәселен, Мақтаарал полиция қызметкерлері сағат 11:40 шамасында Мақтаарал ауданының көшелерінің бірінде орналасқан тойханада бесік тойын өткізіп жатқанын анықтады.

Тойға 80-нен астам адам жиналған.

Мобильді топ тұрғындарға түсіндірме жұмыстарын жүргізіп, тойды дер кезінде тоқтатып, адамдарды үйлеріне тарқатты.

Карантин талаптарын елемеген той иесіне қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 425-бабы бойынша іс-құжаттар жинақталып, заңды шешім қабылдау үшін Мақтаарал аудандық СЭББ-ға жолданды.

Өз кезегінде Түркістан облысының полицейлері барлық азаматтарға карантин кезінде сақтық шараларды ұстанып, адамдар көп шоғырланған жерлерге бармауды, басқосулар мен той-жиындарды жасамауды ескертеді.

Карантин ескерілмей, құқық бұзушылыққа жол берілген жағдайда, заң аясында жауапкершілік қарастырылған.

Сондықтан немқұрайдылық танытпай, өз саулықтарыңыз үшін карантин талаптарын ұстанғандарыңыз жөн.


Соңғы жаңалықтар