Мақтааралда мүгедектігі бар азаматтар сайлауға белсенді қатысты
Түркістан облысының Мақтааралда ауданында мүгедектігі бар азаматтар сайлауға белсенді қатысып жатыр, деп хабарлайды Kazinform.
Мақтаарал ауданында 62 сайлау учаскесі жұмыс істеп тұр. Барлық сайлау учаскелері бақылау камералармен, қосымша электр көздерімен және арнайы басқа да құрал-жабдықтармен толығымен қамтылған. Сондай-ақ мүмкіндігі шектеулі азаматтарға толықтай жағдай жасалған.
Жалпы ауданда 2 704 сайлау құқығына ие мүгедектігі бар азамат бар. Оның ішінде 189-ы арбаға таңылса, 350-ден астамының көзі көрмейді немесе құлағы естімейді. Қалғандары - 2-3 топтағы азаматтар.
Сайлау учаскелерінде мүгедектігі бар азаматтарға арналған арнайы кабиналар орналасқан. Олар тактильдік көрсеткіштер, арнайы бұрыштар, мониторлы компьютерлер, құлақаспаптар, ұлғайтқыштар, тұтқалар және пандустармен жабдықталған. Сондай-ақ көзі көрмейтін зағип жандар үшін 61 сайлау учаскесіне тактильді жолақ орнатылған.
Сонымен қатар 9 сурдо-тифло аудармашы, 3 инватакси, 4 әлеуметтік такси қызметі мүмкіндігі шектеулі азаматтарға қызмет көрсетуде. Ал, жүріп-тұруы қиын қала тұрғындары жылжымалы жәшік арқылы үйде отырып дауыс беруде.
Айта кетейік, бүгін Түркістан облысының 4 ауданында әкім сайлауы өтіп жатыр.