Мақтааралда сыбайлас жемқорлықтың алдын алу мәселелері талқыланды
Ауданға арнайы келген ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Түркістан облысы бойынша департаменті Сарыағаш аймағы бойынша ауданаралық басқармасының басшысы Сапарғали Жантөреев білім саласының қызметкерлерімен мәжіліс өткізді.
Аудан әкімінің орынбасары Бейсенбай Төребеков төрағалық еткен жиынға мемлекеттік қызметшілер мен мектеп директорлары және БАҚ өкілдері қатысты. Жиында сөз алған аудан әкімінің орынбасары сыбайлас жемқорлықтың алдын-алу бойынша мектеп директорларымен бірлесе айына бір реттен кем емес жиналыс өткізу керектігін ұсынды. Ал, басқарма басшысы Сапарғали Жантөреев сыбайлас жемқорлықтың алдын алуды әр адам өзінен бастау керектігін айтты.
«Балаларға үлгі боларлықтай ұстаз болсаңыздар, әріптестеріңіздің арасында адал қызмет атқарсаңыздар - осының өзі жеткілікті. Қазіргі таңда Президентіміз сыбайлас жемқорлықпен күрес мәселесін күн тәртібінен түсірмей отыр, ол дегеніміз сыбайлас жемқорлықпен күрес қарқындай береді деген сөз» - деді Сарыағаш аймағы бойынша ауданаралық басқарма басшысы. Жиын барысында басқарма басшысына ұсыныс-пікірлер айтылып, жиынға қатысушылар тарапынан сұрақтар қойылды. Сапарғали Жантөреев қойылған сұрақтарға заң аясында жауап беріп, кей ұсыныстарды қолдайтынын айтты.
Мұнан соң жиынды қортындылаған аудан әкімінің орынбасары Бейсенбай Төребеков құзырлы органдар Мақтаарал ауданында сыбайлас жемқорлық бойынша фактілер анықтап жатқанын және ол бойынша жауаптыларға тәртіптік шара көрілетіндігін атап өтті.
Сондай-ақ, сыбайлас жемқорлықтың алдын алуға бағытталған мұндай іс-шаралар күшейе беретінін ескертті.