Мақтааралдағы мектептер жөндеу жұмыстарынан өтуде
МАҚТААРАЛ. ҚазАқпарат – Түркістан облысы, Мақтаарал ауданындағы мектептер жаңа оқу жылына толық дайын болады. Бұл туралы аудандық білім бөлімінің басшысы Мұратбек Серікбаев аудан орталығында өткен мәжіліс барысында айтып өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Мұратбек Серікбаевтың сөзінше, білім беру ұйымдарын ағымдағы жөндеу жұмыстарына аудандық бюджеттен 9 млн 906 мың теңге қаржы қаралған. Бүгінгі күні жөндеу жұмыстары толығымен аяқталып отыр. Ал, Жамбыл ауылдық округінде орналасқан С.Мұқанов атындағы жалпы орта мектебін күрделі жөндеуден өткізуге 160 млн 464 мың теңге және Мырзакентте орналасқан Абылайхан атындағы жалпы орта мектебіне 358 млн 934 мың теңге қаржы қаралған. Қос мектепте құрылыс қызу жүріп жатыр.
«Оқушыларды оқулықтармен және оқу-әдістемелік кешендерімен толық қамту үшін жергілікті бюджеттен 268 млн 840 мың теңге қаржы бөлінген. Оқулықтарды қайта басып шығару кестесіне сәйкес 11 баспамен 130 091 оқулыққа келісім-шарттар түзіліп, оның 52,5 пайызы тасымалданған.Сәуір айында білім беру ұйымдарының жылу қазандықтарын ретке келтіру, жылу жүйелерін шаю, тазалау, гидравликалық сынақтан өткізу жұмыстары жүргізілген. Жұмыс барысында 28 мектептің жылу жүйелерінен ақаулар анықталып, актілер түзілді. Анықталған кемшіліктерді жою үшін аудандық бюджеттен 5 млн 747 мың теңге қаржы қаралып, мердігер анықталған. 1 қыркүйекке дейін жылу жүйелері мен жылу қазандықтары толық дайын болады»,- деді аудандық білім бөлімінің басшысы.
Жиында сондай-ақ, 6240 тонна қатты отынға конкурс өткізіліп, мердігер анықталғаны айтылды. Мамандардың сөзінше, бүгінгі күнге дейін қатты отынның 4020 тоннасы тасымалданған. Қалған 2220 тонна көмір ағымдағы жылдың 23 тамызына дейін жеткізіледі деп күтілуде.
Айта кетейік, Мақтаарал ауданы бойынша 2019-2020 оқу жылында 1-11 сынып аралығында 27 374 оқушы білім алады деп жоспарлануда.
