Мақтааралдық жастар қарттарға қамқорлық жасады

None
None
МАҚТААРАЛ. ҚазАқпарат – Түркістан облысы, Мақтаарал ауданында «Жастар ресурстық орталығы» КММ жанынан құрылған еріктілер клубының мүшелері мен белсенді жастар қарттарға қамқорлық жасады. Кенттер мен ауылдық округтерде тұратын жалғызбасты қариялар мен асыраушысы жоқ ата-әжелерге, аз қамтамасыз етілген және мүмкіндігі шектеулі жандарға көмек көрсетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Жастар қазыналы қарттардың үйіне барып, сенбіліктер өткізді. «Мырзакент» мектеп-гимназиясының ерікті жастары жалғызбасты зейнеткерлер Валентина Терешкова мен Дариға Сәрсенбаевалардың үйлерінде қора-қопсыларды тазалап, әктеп-сырлау жұмыстарын жүргізді. Кір-қоңын жуып, қоқыстарын шығару сынды жұмыстарын жасап берді. Қарттардың әңгімесі мен ақылдарын тыңдап, кеңестеріне құлақ түрді. Ел дамуының кешегісі мен бүгінгісінен хабардар болды. Жас өрендер осылайша тек көмек көрсетіп қана емес, өмір тәжірибелерінен естеліктер естіп қайтты. «Бар жастық күш-жігерін елдің дамуы мен бүгінгі ұрпақтың болашағына арнап, тәуелсіздіктің іргетасын қаласқан қариялар қашанда қоғамнан шет қалмауы тиіс. Олар еліміздің шаңырағын көтерісіп, керегесін бекемдеуде өзіндік із қалдырған. Сол жандардың өткен өмірлері мен еңбек жолдарын өскелең ұрпаққа өнеге ету мақсатында түрлі іс-шаралар ұйымдастырудамыз»,- дейді Жастар орталығының мүшелері.
Соңғы жаңалықтар