Мақтарал ауданында ел Тәуелсіздігін жырлаған концерттік кеш өтті

ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Оңтүстік Қазақстан облысы Мақтарал ауданында Қ.Жандарбеков атындағы Жетісай драма театрында ҚР-ның Тәуелсіздігінің 25 жылдық мерекесіне орай концерттік кеш болып өтті, деп хабарлайды аудан әкімдігінің баспасөз қызметі.
None
None

Мерекелік іс-шараға Мақтарал ауданының әкімі Ғалым Исмаилов, ҚР Білім және ғылым министрлігінің Бақылау комитетінің төрағасының орынбасары Талғат Ешенқұлов, аудандық Қоғамдық кеңестің төрағасы Тойым Жүніс т.б. ауданның қоғам және мәдениет қайраткерлері қатысты.

  «Әрбір елдің жылнамасында оның жаңа тарихының бастауы болған, тағдыршешті таңдары болған. Біз үшін жаңа дәуірдің арайлы таңы 1991 жылы 16 желтоқсанда атты. Сол күні әлем көгінде «Қазақстан Республикасы» атты жаңа жұлдыз жарқырай туды, халқымыз Тәуелсіздіктің мызғымас тұғырын бекітіп, Мәңгілік ел болуға бет бұрды. Тәуелсіздік, ең алдымен, қазақ халқының және бүкіл қазақстандықтардың бостандыққа ұмтылған асқақ арманы мен қайсар рухының жемісі. Тәуелсіздік көк тудың желбірегенін көріп, тыныстайтын болашақ үшін қымбат. «Тәуелсіздік тұғыры биікте», олай болса әрбір ұрпағымызды патриоттыққа, отаншылдыққа, елін, жерін, ата-анасын құрметтеуге тәрбиелеп, ұлы даланың саналы ұрпағын өсіруге Алла нәсіп етсін!» - деді Мақтарал ауданының әкімі Ғ.Исмаилов.

Елордамыз Астана қаласынан арнайы келген ҚР Білім және ғылым министрлігінің Бақылау комитетінің төрағасының орынбасары Талғат Ешенқұлов та мақтаралдықтарға деген жылы лебізін білдірді. Ол өз сөзінде: «Мақтарал - әлемге әйгілі қазақ мақтасының отаны, мақта шаруашылығының шаңырағы осы жерде көтеріліп, қазығы қағылған. Елімізде дүниеге келген әрбір бесінші бала - ОҚО бүлдіршіндері, әрбір төртінші оқушы осы облыста білім алады. Ендеше, осы киелі Оңтүстіктегі халқының саны ең көп, ең тығыз орналасқан Мақтарал ауданының Тәуелсіз Қазақстан үшін жасап жатқан жақсылығы мен ерен еңбегі көп. Құрметті мақтаралдықтар, мерекелеріңіз құтты болсын!» - деді.

Жалпы, мерекелік кеште халық әні «Алқоңыр», Б.Тілеуханның «Менің елім», Е.Зейпханның «Көк тудың желбірегені», А.Дүйсеновтың «Қазақстан», И.Дәрібаевтың «Қазақстаным», Р.Әлқожаның «Тәуелсіздік», «Е.Хасанғалиевтің «Атамекен» әндері мақталы өлкенің бұлбұлдай даусы бар әншілері тарапынан орындалып, келген қалың көрермендердің рухын бір асқақтатып тастады.

null

Соңғы жаңалықтар