Мақтарал мен Жетісай халқы «Достық» арнасынан былтырғы көлемде су алады - Брекешев
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Үкімет отырысында ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешев елдегі негізгі өзен бассейндері биыл да сусыз циклге тап болғанын айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Еліміздің негізгі өзен бассейндері су аздығы цикліне биыл да тап болып отыр. Осыған қарамастан, фермерлер көктемгі егіс жұмыстары барысында қажетті суармалы ылғалмен қамтамасыз етілетін болады. Бұл өткен жылғы қарашадан бастап Үкіметтің әкімдіктермен бірлесіп қабылдап жатқан нақты шараларының нәтижесі.
Атап айтсақ, Алматы және Жамбыл облыстарының шаруалары биылғы жоспар бойынша былтыр игіліктеріне жаратқан суармалы су көлемінен кем қамтамасыз етілмейді», - деді министр.
Айтуынша, Түркістан және Қызылорда облыстарының фермерлерін суармалы сумен қамтамасыз ету мәселесі біршама алаңдатқан екен. Оған басты себеп – қырғыз тарапындағы Тоқтоғұл су қоймасында жиналған су көлемінің былтырмен салыстырғанда аз болуы.
«Көрші елдермен бірге қабылданып жатқан шаралардың нәтижесінде бұл жағдай біртіндеп қалпына келіп жатыр. Мәселен, Тоқтоғұл қоймасында биыл 1-ші қаңтардағы су көлемі былтырғы дәлме-дәл кезеңмен салыстырғанда 2,1 млрд текше метрге аз болды. Ал былтырғы және биылғы 15 наурызда тіркелген су көлемінің айырмашылығы - 1,1 млрд текше метрге тең болды. Яғни уақытылы қабылданған шаралардың нәтижесінде 1 млрд текше метрге ұлғайтылды.
Сонымен қатар, вегетация кезеңінде қосымша су көлемін алу бойынша Қырғызстанмен келісімге қол жеткізілді.
Осының нәтижесінде «Достық» мемлекетаралық арнасы бойынша Түркістан облысы Мақтарал және Жетісай аудандарының фермерлері былтырғы деңгейде суармалы сумен қамтамасыз етіледі», - деді Серікқали Брекешев.