Мақтаралда «Ұстаз - ұлы тұлға» атты шара өтті
ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Оңтүстік Қазақстан облысы, Мақтарал ауданында ұстаздар күніне арналған "Ұстаз - ұлы тұлға" атты мерекелік іс-шарасы аталып өтті.
Мерекеге аудан басшылары мен ардагерлер, ұстаздар қауымы қатысты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Егемен еліміздің ертеңін ойлар білімді де саналы, Отанын, туған жерін, ұлтын сүйетін ұлтжанды, парасатты азаматты тәрбиелеуде мұғалімнің еңбегі орасан зор екені белгілі. Білім саласы қызметкерлерінің құрметіне орай ұйымдастырылған шараға аудан әкімі Ғалым Исмаилов арнайы қатысып, айтулы мерекемен ұстаздарды құттықтады.
«Өсіріп отырған өзіңіздің отбасыларыңыздың, тәрбие беріп жатқан оқушыларыңыздың арасында үлкен тұлғалардың шығуына тілектеспіз. Ауданымыздың білім саласы өркендей берсін. Сіздерге, сіздердің отбасыларыңызға денсаулық, жақсылық, жұмыстарыңызға табыс тілеймін! Мерекелеріңіз құтты болсын!» - деді аудан басшысы.
Ұстаздардың төл мерекесінде болашақ ұрпақты тәрбиелеу ісінде жемісті еңбек етіп келе жатқан бір топ мұғалімдер ҚР Білім және ғылым министрілігінің «Құрмет» грамотасымен, облыстық білім басқармасының «Алғыс хаттарымен», аудан әкімінің және аудандық білім бөлімінің «Алғыс хаттарымен» марапатталды. Ардагер ұстаздарға аудандық білім бөлімі тарапынан гүл шоқтары мен бағалы сыйлықтар табыс етілді. Сондай-ақ, мерекелік кеште еңбек өтілі 494 жылды құрайтын Қарабековтар әулеті марапатталды.
«Ұстаздар күні жалпы ұстаздарымызға, ардагерлерімізге, педагогикалық мамандықты таңдаған жалпы халыққа бүгінгі мерекелеріңіз құтты болсын дейміз. Елдің, халықтың абыройына бөлене берсін. Еліміздің болашақтарын жетілдіріп, өсіруде еңбек етуден тайынбасын!» - деді Мақтарал ауданы кәсіподақ ұйымының төрағасы Пернебек Бахтияров.
Мерекелік жиында балабақша бүлдіршіндері мен мектептердің өнерлі оқушылары концерттік бағдарламаларын қойып, ұстаздарға деген құрметтерін көрсетті.
Айта кетейік, Мақтарал ауданында 125 мектепте 70 мыңнан аса шәкірт білім алады. Оларды тәрбиелеп, білім беру ісіне 9 мыңнан аса ұстаздар қауымы атсалысуда.