Мақтай Рамазанұлы Сағдиев халқымыздың шынайы құрметі мен сүйіспеншілігіне бөленді - Мемлекет басшысы
АСТАНА. 26 тамыз. ҚазАқпарат - Алматыда сенбі күні 84 жасқа қараған шағында белгілі мемлекет және қоғам қайраткері Мақтай Сағдиев дүниеден өтті. Мақтай Сағдиевпен қоштасу 28 тамызда Абай атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық опера және балет театрында болады.
Бұдан бұрын хабарланғандай, Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Мақтай Сағдиевтің дүниеден озуына байланысты марқұмның отбасы мен туған-туыстарына көңіл айту жеделхатын жолдады.
ҚР Президенті баспасөз қызметінің ақпаратында атап өтілгендей, Президенттің жеделхатында Мақтай Рамазанұлы ұзақ та ғибратты ғұмыр кешкені айтылған. Ол әртүрлі жоғары лауазымды қызметтерді зор абыроймен атқарып, өзінің бар білімі мен ұйымдастырушылық дарынын туған елінің игілігіне жұмсады.
- Қай қызметте де өзін қарапайым, жан-жүрегі адал әрі істің көзін білетін беделді тұлға ретінде танытып, халқымыздың шынайы құрметі мен сүйіспеншілігіне бөленді. Ол кісінің еңбегі мен жарқын дидарын халқымыз ұмытпайды, - делінген жеделхатта.
Солтүстік Қазақстан облысы Ленин ауданының Өндіріс ауылында дүниеге келген Мақтай Сағдиев еңбек жолын 14 жасында туған ұжымшарының трактор-егіс бригадасында бастады. 1950 жылы Семей мұғалімдер институтының түлегі Қараағаш мектебіне тарих пәнінің мұғалімі қызметіне жіберіледі және көп ұзамай оның директоры болып тағайындалады. Бұдан кейін - армиядағы қызмет, содан кейін Явленка және Ильинка ауылдарында партия жұмыстарына араласады.
Ильич атындағы МТС партбюро хатшысы Сағдиев өндірістен қол үзбей Талғар ауыл шаруашылығы техникумын «агроном» мамандығы бойынша аяқтайды, ал содан кейін Жоғары партия мектебін бітіреді. 1962 жылы ол арта қалған «Афанасьевский» кеңшарының директоры болып тағайындалады және 2 жылдан кейін оны озаттар қатарына шығарады.
Төрт жылдан кейін Мақтай Сағдиевті Соколов аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы етіп сайлады. Осы қызметте оның ұйымдастырушылық талантының жаңа қырлары ашылды - аудан қысқа мерзімде ірі ауыл шаруашылығы өндірушілерінің біріне айналды, оның шаруашылықтарының экономикасы нығая түсті, тұрғын үй, жол, өндірістік нысандар құрылысы өріс алды.
Көп кешікпей Сағдиев жаңадан ашылған Жамбыл ауданына басшылыққа жіберілді, ал тағы бірқатар уақыттан кейін - Торғай облыстық атқару комитеті төрағасының бірінші орынбасары болды.
Ол өзінің күнделікті еңбегімен және қажыр-қайратымен күрделі табиғи-климаттық жағдайдағы осы аймақта ауыл шаруашылығы өндірісін елеулі түрде көтеруге, оның материалдық-техникалық базасын нығайтуға, елді мекендерді абаттандыруға және электрлендіруге, автомобиль жолдары мен байланыс құралдары желісінің кеңеюіне күш салды. Халық ағарту, денсаулық сақтау және мәдениет істерінде елеулі ілгерілеушілікке қол жеткізілді.
Облыс орталығы - Арқалық қаласында педагогикалық институт және бірнеше техникум, Мәдениет үйі және драма театры, өлкетану мұражайы ашылды, заманауи аурухана кешендері салынды, ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдейтін және техника жөндейтін кәсіпорындар пайда болды.
1980 жылы Қазақстан басшылығы оны Қазақ КСР балық шаруашылығы министрі қызметіне жоғарылатты. Ол маңызды саладағы істің жағдайы мен проблемаларына тез арада қанықты. Бұған оның шаруашылық қызметіндегі және ұйымдастыру жұмыстарындағы бұрынғы жинаған тәжірибесі жақсы көмектесті. Халыққа ішкі су қоймаларындағы балық өнімдерімен қатар, теңіз балығы және балық өнімдері қолжетімді болды. Республика астанасында және облыс орталықтарында заманауи сауда-технологиялық және тоңазытқыш жабдықтармен жарақтанған мамандандырылған «Мұхит» дүкендерінің желісі кеңейді.
1983-1985 жылдары Сағдиев Қостанай облыстық атқару комитетінің төрағасы болып қызмет атқарды. Сол кезде егіншілік мәдениет арттыру, тұрғын үй және коммуналдық-тұрмыстық нысандар салу, жол құрылысы жолындағы күрес табандылықпен жүргізілді. Өнеркәсіп кәсіпорындарында, құрылыстарда шаруашылық есеп ұстанымдарын енгізуге, ал ауыл шаруашылығында - рентабельділікті арттыруға және өз қаражаттары есебінен кеңейтілген ұдайы өндірісті қамтамасыз етуге баса көңіл бөлінді. Мақтай Рамазанұлы өзіне тән қажыр-қайратпен және іскерлікпен кеңес және партия және шаруашылық органдарының жұмыс стилі мен әдістерін жетілдіре отырып, жастарды тәрбиелеу және оқыту, халықтың денсаулығын қорғау, олардың мәдени-тұрмыстық мұқтаждарын қанағаттандыру проблемаларымен ыждағатпен айналысты, мұның барлығы зор ерлікті, табандылықты, дипломатиялық шеберлікті талап етті.
1985-1989 жылдары Сағдиев Көкшетау облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы болып жұмыс жасады және бұл облысты Қазақстандағы алдыңғы орындардың біріне шығарды.
Бұдан кейін ол Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Төралқасының төрағасы, ел Президентінің кеңесшісі болды, Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің мүшесі, Жоғарғы Кеңестің, Парламент Мәжілісінің депутаты болып сайланды. 1991 жылдың соңында Мақтай Сағдиев ҚР Ардагерлер кеңесін құрып, оған соңғы кездерге дейін басшылық етті. Бұдан басқа Қазақстан халқы Ассамблеясы кеңесінің мүшесі, Президент жанындағы сыбайлас жемқорлықпен күрес және мемлекеттік қызметшілердің қызметтік этикасын сақтау мәселелері жөніндегі мемлекеттік кеңес төрағасының орынбасары, ел Президенті жанындағы ұлттық кеңестің мүшесі болды.