Мақтай Рамазанұлы шын мәнінде алаштың абзал азаматы еді - А.Есімов
АЛМАТЫ. 28 тамыз. ҚазАқпарат - Өскелең ұрпаққа Мақтай Сағдиев ағамыз үлкен із, үлкен өнеге қалдырды.
Бұл туралы қала әкімі Ахметжан Есімов бүгін Алматыда көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Мақтай Рамазанұлы Сағдиевті ақтық сапарға шығарып салу рәсімінде айтты.
«Өз басым Мақаңмен 1980 жылдардың аяғында танысқан едім. Ол республика деңгейінде жұмысты жаңа бастап жатқан кезім. Мақаң болса белгілі мемлекет, қоғам қайраткері болатын. Бірінші күннен бастап бұрыннан таныс адамдай болып кеттік. Бұл ол кісінің қарапайымдылығы, кішілігі еді. Кездескен кезде ауылдың, ауыл шаруашылығының жағдайын талқылайтын еді», - деді А.Есімов. Қала басшысының айтуынша, М.Сағдиев 25 жасынан бастап шаруашылық басқарып, 10 жылдан астам кеңшар директоры болды. Одан кейін 2 аудан, 3 облыс басқарды. Ауылға деген жанашырлығына 88-ші жылдары үкімет мүшелерін жинап Көкшетауға апарып ауылдық мекендер қандай болу керек, әлеуметтік нысандар қандай болу керек, онда қандай үйлер салу керектігін көрсеткені нақты үлгі бола алады.