Мальдив аралдары басшысының кемесінде болған жарылыс қастандық екені анықталды
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қыркүйек айының соңында Мальдив аралдары президенті Абдулла Яминнің кемесінде болған жарылыс оны өлтіру үшін арнайы ұйымдастырылған қастандық екені анықталды, деп хабарлады Мальдив аралдары министрі Хуссейн Шариф. Бұл туралы «РИА Новости» агенттігі хабарлады.
«Рейтер» агенттігінің хабарлауынша, оқиғаға байланысты жүргізілген халықаралық тексеріс нәтижесінде екі әскери қызметкер ұсталды.
Еске сала кетейік, Президент Абдулла Яминнің кемесінде жарылыс 28 қыркүйек күні ел астанасы Мале қаласына жете бергенде болған. Абдулла Ямин Мальдив аралдарына Сауд Арабиясынынан қажылық парызын өтеп келе жатқан. Жарылыстан Яминнің әйелі мен көмекшісі жеңіл жараланды.