Мал сатып алуға фермерлерді қаржыландыру үшін екінші деңгейлі банктер мен несиелік серіктестіктер тартылады - А.Мамытбеков
АСТАНА. ҚазАқпарат - «Сыбаға» бағдарламасы аясында биыл 50 мың бас ірі қара мал сатып алынады. Аналық мал басын сатып алу бойынша 2014 жылға арналған жоспар 50 мың басты құрайды. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында Ауыл шаруашылығы министрі Асылжан Мамытбеков мәлім етті.
Оның сөзіне қарағанда, жалпы «Сыбаға» бағдарламасы шеңберінде аналық табынды сатып алу бойынша 2011-2013 жылдарға арналған жоспар 124 мың бас болатын, осы жылдары іс жүзінде 166 мың бас ірі қара мал сатып алынды. Бұл жоспарды асыра орындау 34%-ды құрады. Тек 2013 жылдың өзінде фермерлер 50,7 мың бас ірі қара мал сатып алған. Аналық мал басын сатып алу бойынша 2014 жылға арналған жоспар 50,0 мың басты құрайды.
«Ағымдағы жылдан бастап мал басын сатып алуға фермерлерді қаржыландыру үшін «ҚазАгро» холдингінің еншілес ұйымдарымен қатар екінші деңгейлі банктер мен кредиттік серіктестіктер тартылады. Жаңа «Агробизнес-2020» бағдарламасы шеңберінде мемлекеттік бюджеттен кредиттер бойынша сыйақы ставкасы 4 пайызға дейін субсидияланатын болады»,- деп атап өтті министр.