Мал шаруашылығында антибиотиктерді қолдану қалай бақыланады

АСТАНА. KAZINFORM – Малға антибиотик бергеннен кейін оны қашан союға болады? Ветеринарияда мұндай препараттарды қолдану кезінде қандай талаптар сақталуы керек? Nazarbayev University Медицина мектебінде өткен халықаралық конференцияда сарапшылар осы мәселелерді қозғады.

Мал дәрігері
Фото: ЖИ/Kazinform

Микробқа қарсы препараттарға төзімділік туралы дүниежүзілік ақпараттандыру апталығына орай ұйымдастырылған конференцияға Орталық Азия елдерінің мамандары, халықаралық ұйымдардың өкілдері, дәрігерлер, ветеринарлар мен ғалымдар қатысты.

Nazarbayev University мен Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығы бірлесіп ұйымдастырған шарада микробқа қарсы препараттарды орынды қолдану, инфекциялардың алдын алу және түрлі сала мамандарының бірлескен жұмысы талқыланды.

Малға антибиотик қандай жағдайда беріледі?

Дүниежүзілік жануарлар денсаулығын сақтау ұйымының Орталық Азиядағы субөңірлік өкілдігінің басшысы Мереке Тайтубаевтың айтуынша, антибиотиктер мал шаруашылығында негізінен бактериялық инфекцияларды емдеу үшін қолданылады. Кейбір елдерде мұндай препараттарды малдың өсуін жеделдету мақсатында пайдалану тәжірибесі де кездеседі.

– Адамдар секілді жануарлар да бактериялық инфекциялармен ауырады. Оларды емдеу үшін ветеринар дәрігердің тағайындауымен антибиотиктер қолданылады. Бүгінде ветеринария қызметінің негізгі міндеттерінің бірі – аграрлық секторда бактерияға қарсы препараттардың қалай қолданылып жатқанын қадағалау, – дейді Мереке Тайтубаев.

Маманның сөзінше, антибиотиктерді қолдану жиілігі жануардың қандай ауруға шалдыққанына, ветеринар тағайындаған емге байланысты.

Антибиотик берілген малды қашан союға болады?

Малға антибиотик бергеннен кейін оның ағзасында дәрінің қалдығы белгілі бір уақыт сақталуы мүмкін. Сондықтан препаратты соңғы рет қолданғаннан кейін малды союға дейін белгіленген күту мерзімін сақтау қажет.

Мереке Тайтубаевтың айтуынша, бұл мерзім әр препаратқа қарай белгіленеді.

– Кейбір антибиотиктер ағзадан тез шықса, енді біріне ұзағырақ уақыт қажет. Сондықтан барлық препаратқа ортақ мерзім жоқ. Ветеринар дәрігер антибиотик қолданғаннан кейін белгіленген уақыттың сақталуын қамтамасыз етуге тиіс. Осы мерзім өткен соң ғана малды союға рұқсат беріледі, – дейді ұйым өкілі.

Бұл талап ет құрамындағы дәрі қалдығының рұқсат етілген мөлшерден аспауы үшін қажет.

Мал шаруашылығы мен адам денсаулығының байланысы қандай?

Nazarbayev University Медицина мектебінің ассистент-профессоры, медицина ғылымдарының кандидаты Юлия Семенованың айтуынша, антибиотикке төзімділік мәселесін зерттегенде адам мен жануарлардың өзара байланысын ескеру маңызды.

Юлия Семенова
Фото: Kazinform

– Адам қоршаған ортадан, жануарлар әлемінен бөлек өмір сүрмейді. Адамдар мен жануарларға ортақ ауру қоздырғыштары көп. Антибиотикке төзімділік гендері де тарала алады. Бұл мәселе мал шаруашылығында еңбек ететін адамдарға ғана емес, баршамызға қатысты, – дейді дәрігер.

Мұнда екі мәселені ажырата білу қажет. Біріншісі – мал өнімдеріндегі антибиотик қалдықтары, екіншісі – дәріге төзімді бактериялардың таралуы. Екеуінің де алдын алуда ветеринариялық бақылаудың маңызы зор.

Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығының басқарма төрағасы Гүлнар Күлқаева антибиотикке төзімділікпен күреске ауыл шаруашылығы, ветеринария, азық-түлік қауіпсіздігі және қоршаған ортаны қорғау саласының мамандарын тарту қажеттігін атап өтті.

Күлқаева
Фото: Kazinform

Ветеринарлардың біліктілігін арттыру неге маңызды?

Мереке Тайтубаев ветеринар мамандардың антибиотиктерді қолдану жөніндегі негізгі білімді жоғары оқу орнында алатынын айтады. Дегенмен нарықта бактерияға қарсы препараттардың түрі көбейген сайын оларды дұрыс таңдап, орынды қолданудың маңызы арта түседі.

– Жоғары оқу орнын бітірген әр ветеринар бактерияға қарсы препараттарды қолдану жөнінде базалық білімге ие. Бұл – маманға қойылатын негізгі талаптардың бірі. Бүгінде нарықта антибиотиктердің түрі көп. Сондықтан басты мәселе – ветеринарлардың осы препараттарды дұрыс қолдануы. Бұл антибиотикке төзімділікпен күрестің маңызды тетіктерінің бірі, – дейді ол.

Ұйым өкілінің айтуынша, ветеринария саласында халықаралық деңгейде әзірленген бірқатар стандарт бар. Оларды әр ел өз тәжірибесіне енгізуге тиіс. Алайда бұл бағыттағы жұмыс барлық мемлекетте бірдей қарқынмен жүріп жатқан жоқ.

Орталық Азияда қандай жұмыстар жүргізіліп жатыр?

Қазір Дүниежүзілік жануарлар денсаулығын сақтау ұйымы Пандемия қорының халықаралық жобасы аясында Орталық Азия елдерінің ветеринария саласын дамытуға бағытталған жұмыстар жүргізіп жатыр.

– Орталық Азияда ветеринария қызметін нығайту, зертханалардың мүмкіндігін кеңейту, білім беру бағыттары бойынша жұмыс істеп жатырмыз. Бұдан бөлек, халықаралық деңгейде белгіленген стандарттар бар. Оларды ұлттық ветеринария қызметтері жүзеге асыруы қажет. Әр елдің бұл бағыттағы даму деңгейі әртүрлі. Сондықтан жұмысты іске асыру үшін ниет қана емес, тиісті қаржы да қажет, – дейді Мереке Тайтубаев.

Маманның пікірінше, халықаралық конференциялар ғалымдар мен түрлі сала өкілдерінің ортақ мәселелерді талқылауына мүмкіндік береді. Мұндай кездесулерде ғылыми зерттеулердің нәтижесін тәжірибеде қолдану, кейін тиісті ұсыныстарды ұлттық заңнамаға енгізу жолдары қарастырылады.

Антибиотиктер жануарлардың бактериялық инфекцияларын емдеуде маңызды рөл атқарады. Сондықтан ветеринария саласындағы басты міндет – бұл препараттардан бас тарту емес, оларды орынды қолдану, белгіленген талаптардың сақталуын қамтамасыз ету және зертханалық бақылауды жетілдіру.

Айта кетейік, бұған дейін Қазақстанда ветеринариялық антибиотиктерді қолдануды реттеу үшін заңнамалық өзгерістер әзірленіп жатқанын хабарлаған едік.