Мал шаруашылығы департаментiнiң басшысы М. Бақтыбаев өзiне тағылған айыптарды мойындаған жоқ
АСТАНА. ҚазАқпарат - Пара алды деген күдiкпен ұсталған ҚР Ауыл шаруашылығы министрлiгi Мал шаруашылығы департаментiнiң басшысы Мақсұт Бақтыбаевтың iсi бойынша сот отырысы басталды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тiлшiсi сот залынан.
Сот процесi Астана қаласы номерi 2-шi Алматы аудандық сотында өтуде.
Сот барысында айыпталушы М. Бақтыбаев өзiне тағылған айыптардан бас тартатындығын хабарлады.
«Мен айып берушiнiң берген айыптарға қатысты нақты дәлелдердi көрген жоқпын. қалай дегенмен ондай нақты деректер келтiрiлген жоқ. Сонымен қатар ҚР Ауыл шаруашылық министрлiгiне келтiрiлген шығын көлемi де сөз етiлмедi», - деп атап өттi айыпталушы.
Қазiргi уақытта сот залында куәгерлерден жауап алынуда.
Бұдан бұрын хабарланғанындай, мал шаруашылығы департаментінің директоры Мақсұт Бақтыбаев ет өнімділігі бағытындағы ірі қара малды индекстік бағалауды дайындау бойынша мемлекеттік сатып алудың келісімшартына қол қоюға көмектескені үшін кәсіпкерден 720 мың теңге көлемінде пара алды деп күдiктелуде.
Оған қоса Бақтыбаев «Іскер қала» жауапкершілігі шектеулі серіктестігін «7 континент» тұрғын үй кешенінде жалпы сомасы 12 млн. теңгеге офистік жайды жалға алудың жалған келісімшартын жасасуға мәжбүрлеген деп айыпталуда.
Айта кетейік, шын мәнінде ақшалай қаражат осы тұрғын үй кешеніндегі «Мал шаруашылығы және ветеринарияның ғылыми-инновациялық орталығы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жалға алып отырған офистік жайлардың төлеміне бағытталуы тиіс болатын.