Мал шаруашылығын дамытуға Ұлттық қордан бөлінген 2450 млн. теңге толық игерілетін болады - М.Оңғарбеков, БҚО
ОРАЛ. ҚазАқпарат - 2015-2019 жылдарға арналған «Нұрлы жол» бағдарламасына сәйкес Ұлттық қор есебінен биыл асыл тұқымды мал шаруашылығын дамыту және мал шаруашылығы өнімінің сапасы мен өнімділігін арттыруға 11 млрд. теңге, соның ішінде Батыс Қазақстан облысына 2450 млн. теңге бөлінді.
БҚО ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Марат Оңғарбековтің айтуынша, бұл қаржы төрт бағыт бойынша демеуқаржыландыруға бағытталып отыр. Атап айтқанда, ірі қара малын селекциялық асылдандыру жұмыстарына - 2 млрд. 235,8 млн. теңге, құс, шошқа шаруашылықтары мен бордақылау алаңдарына мал азығы шығындарын ішінара өтеуге - 177,0 млн. теңге, тағамдық жұмыртқа өндіру шығындарын ішінара өтеуге - 28,9 млн. теңге, сүтті бағыттағы шаруашылықтарға жұғымды мал азығын дайындау шығындарын ішінара өтеуге 8,3 млн. теңге қаралды. Қаржыландыру жоспарына сәйкес шілде айына - 123,3 млн. теңге, тамызға - 600,0 млн. теңге, қыркүйекке - 400,0 млн. теңге, қазанға - 1080,1 млн. теңге, қарашаға 246,6 млн. теңге бөлінді. 4 қыркүйекке дейін бөлінген 1123,3 млн. теңгенің 763,9 млн. теңгесі немесе жылдық көлемнің 31,2 пайызы игерілді. Күні бүгін тағамдық жұмыртқа (11098 мың дана) өндіру шығындарын ішінара өтеуге қаралған 28,9 млн. теңге толықтай игерілді. Ірі қара малын (69499 бас) селекциялық асылдандыру жұмыстарына 735 млн. теңге жұмсалды (32,8 пайыз).
Қаржыландыру жоспарына сәйкес қыркүйек айына 400,0 млн. теңге қаралса, ауыл шаруашылығы құрылымдарынан 545,0 млн. теңгеге құжаттар келіп түсті. Қосымша 255,0 млн. теңгеге құжаттың түсуі жоспарлануда. Осыған байланысты ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігіне қазан айынан 400,0 млн. теңгені қыркүйекке жылжыту жөнінде сұраныс жіберілді. Сонда осы айда Ұлттық қор есебінен келетін 800,0 млн. теңгені игеру көзделуде. Биылғы тоғыз айдың қорытындысы бойынша 1523,3 млн. теңге игерілетін болады, бұл - 62,2 пайыз.
«Елбасы тапсырмасына сәйкес Ұлттық қордан бөлінген қаржыны тиімді де мақсатты жұмсау - басты мақсат. Биылға қаралған 2450 млн. теңге толықтай игеріледі. Бұл өңірдегі мал шаруашылығының тұтқасын ұстаған шаруалар үшін үлкен қолдау болып отыр», деді М.Оңғарбеков.