Мал шаруашылығындағы көрсеткіштер жақсарып келеді – ҚР АШМ

АСТАНА. ҚазАқпарат – Елдегі ауыл шаруашылығы өнімдерінің 40% мал шаруашылығына тиесілі. Бұл туралы Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Мал шаруашылығындағы көрсеткіштер жақсарып келеді – ҚР АШМ

«Талдау жұмыстары жалпы саланың тұрақты қарқынмен дамып келе жатқанын көрсетіп отыр. Малдың барлық түрлерінің саны тұрақты өсуде. Өткен 2022 жылдың өзінде ірі қара мал саны 4,2%, қой 4,8%, жылқы 10,5%, түйе 6,5%, құс 4% көбейді», - деді Е. Қарашөкеев бүгін Үкімет отырысында.

Сонымен қатар мал шаруашылығын дамытудың сапалық көрсеткіштері де ұлғайып отыр. Атап айтқанда, сауылатын сүт орта есеппен 4,7% артты, қойлардың сойыс салмағы 8,6%, тауықтардың жұмыртқа әкелуі 17,2% өскені байқалады.

Министр 2022 жылы мал шаруашылығы өнімдерін өндіру көлемі 0,9% ұлғайғанын, биылғы 5 айда өсім 3,6% құрағанын жеткізді.

«Мемлекеттік қолдау шараларын күшейту есебінен малдың барлық түрі бойынша асыл тұқымды малдың үлес салмағы өсті. Мысалы, асыл тұқымды ірі қара малдың үлес салмағы жалпы ірі қара мал басына шаққанда 7%-дан 13,5%-ға дейін өсті. Сондай-ақ, селекциялық және асыл тұқымдық жұмыс процесіне және тұқымдық түрлендіруге тартылған фермерлік шаруашылықтардың саны 2022 жылы 6 мыңнан 22 мыңға дейін артты», - деді Ауыл шаруашылығы министрі.