«Мал ұрысы» операциясының барысында тәртіп сақшылары 42 қылмыстың ізін суытпай ашты

АСТАНА. Қыркүйектің 28-і. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - «Мал ұрысы» операциясының барысында тәртіп сақшылары мал ұрлығына байланысты 42 қылмыстың ізін суытпай ашты.

 «Мал ұрысы» операциясының барысында тәртіп сақшылары  42 қылмыстың ізін суытпай ашты

Бұл мәліметтер жөнінде бүгін журналистермен болған апталық брифингте Ішкі істер министрлігінің Тіл саясаты және ақпарат департаментінің бастығы Қуанышбек Жұманов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Ол келтірген деректерге қарағанда, полицейлер мал ұрлығына қатысты тағы 109 қылмысты әшкерелеп, осы қылмыс бойынша бұрындары жасалған 12 оқиғаның бетін ашқан. «Мал ұрлағаны үшін 172 күдікті қамауға алынып, олардың 48-і тұтқындалды. Сондай-ақ мал ұрлауды «кәсіп» еткен 8 қылмыстық топ құрықталды. «Мал ұрысы» кең ауқымды операциясы осы салада жасалатын қылмыстардың бетін ашу мен осы бағыттағы жұмыстарды барынша жетілдіру және ұрланған малды жөнелтетін арнайы арналарды анықтау мақсатында жүргізілді», деді Қ.Жұманов.