Мал және құс шаруашылығы қожалықтарына арзан бағада 130 тонна жемдік астық сатылды - министр

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Азық-түлік корпорациясы мал және құс шаруашылығы қожалықтарына арзандатылған бағамен 130,5 мың тонна жемдік астық сатты. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
None
«Мал азығымен қамтамасыз ету мәселелерін шешу үшін Үкімет жергілікті әкімшіліктермен бірге бірқатар жедел және жүйелі шаралар қабылдады. Атап айтқанда, 2022 жылғы 31 қаңтарда ауыл шаруашылығы жануарларының аналық басын күтіп-бағу шығындарын ішінара өтеу үшін Үкіметтің резервінен Маңғыстау облысына 663,9 млн теңге бөлінді. 2022 жылға облыс әкімдіктері мал азығын сатып алу құнын арзандатуды субсидиялауға 11,5 млрд теңге бөлді», - деді министр.

Оның атап өтуінше, 2022 жылғы сәуірде республикалық бюджет комиссиясының отырысында 200 мың тонна көлемінде жемдік астық сатып алу үшін Азық-түлік корпорациясының жарғылық капиталын ұлғайтуға 20 млрд теңге бөлу мақұлданды. 22 тамыздағы жай-күй бойынша Азық-түлік корпорациясы мал және құс шаруашылығы қожалықтарына арзандатылған бағамен 130,5 мың тонна жемдік астық сатты. Бұл нарықтық бағадан 30 пайызға төмен.

«Бұдан басқа, министрлік жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, Азық өндірісі саласын дамыту жөніндегі 2022-2025 жылдарға арналған жол картасын әзірлеп, бекітті. Ол ауыл шаруашылығы жануарларын азықпен қамтамасыз ету жөніндегі жүйелі шараларды қамтиды. Бүгінгі таңда жергілікті атқарушы органдар Жол картасының іс-шараларын орындау жұмысын жүргізіп жатыр», - деді Ербол Қарашөкеев.

Соңғы жаңалықтар