02:24, 11 Маусым 2024 | GMT +5
Малави вице-президенті мінген ұшақ радардан көрінбей қалды
АСТАНА. KAZINFORM — Африкадағы Малави мемлекетінің вице-президенті Саулос Чилима мен тағы тоғыз адам мінген ұшақ радар экранынан ғайып болды. Бұл туралы Somali Institute of Chinese Studies басылымы Twitter-дегі парақшасында жазды.

Шетелдік БАҚ әскерилерге сілтеме жасай отырып, борттың ел астанасы Лилонгведен ұшып шыққаннан кейін көп ұзамай жоғалып кеткенін жазады.
Ал, BBC мәліметінше, жолаушылар мінген ұшақ Малави астанасының әуежайынан (Астана уақытымен 12:17) 09:17 ұшып кеткен. Алайда, радар экранынан көрінбей қалған. Диспетчерлер байланысқа шыға алмаған. Қазіргі таңда іздестіру-құтқару жұмыстары жалғасып жатыр.
Ел президенті іздеу-құтқару операциясын бастауға бұйрық берді.