Malaysia Airlines компаниясы Boeing 777 ұшағы жолаушыларының туысқандарына өтемақы ұсынды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Malaysia Airlines әуекомпаниясының басшылығы Boeing 777 ұшағында болған жолаушылардың бірде-бірі тірі қалмады деп мәлімдеді, олардың туысқандарына ақшалай өтемақы ұсынылды, деп хабарлайды CNN.

Malaysia Airlines компаниясы Boeing 777 ұшағы жолаушыларының туысқандарына өтемақы ұсынды

Malaysia Airlines компаниясының Boeing 777 ұшағы Үнді мұхитында құлағандығы жөнінде компания басшысы мен Малайзия премьер-министрі Наджиб Разак хабарлаған болатын. Алайда халықаралық іздеу жұмыстары жалғаса бермек.

«Әуе лайнері жоғалып кетті, бортта болған жолаушылар мен экипаж мүшелерінің ешқайсысы тірі қалған жоқ», - делінген Malaysia Airlines хабарламасында.

Компания өз сайтында 17 күн бұрын MH370 рейсі бойынша жолға шыққан адамдардың туған-туыстарына ортақтасып, көңіл айтады. Сонымен қатар сайттағы хабарламада оларға 5 мың доллар көлемінде өтемақы төленетіндігі жазылған. Әуекомпаниясы қосымша төлемдер жасауды көздеп отыр, деп хабарлайды CNN.