Малайзия билігі жоғалған Boeing ұшағын Оңтүстік Қытай теңізі маңайынан іздестіруді тоқтатпақ

АСТАНА. ҚазАқпарат - Малайзия билігі «Малайзия әуе жолдары» компаниясының Boeing 777-200 ұшағын іздестіру операцияларын тоқтатуға ниетті, деп жазады ИТАР-ТАСС.
None
None

Бұл туралы баспасөз мәслихатында Малайзия премьер-министрі Наджиб Разак мәлім етті. Айта кетейік, бұл ұшақпен байланыс ол 7 наурыз күні Оңтүстік Қытай теңізі үстінен ұшып бара жатқанда жоғалып кеткен болатын. Сондай-ақ малайзиялық үкімет басшысы БАҚ-тардағы әуе көлігінің қуғынға алыну мүмкіндігі туралы ақпаратты да жоққа шығармады. «Біздің мәліметтеріміз бойынша, беймәлім біреулер ұшақтағы байланыс құралдарын әдейі ажыратып тастап, оны бағытын өзгертуге мәжбүр еткен болуы мүмкін. Соған қарамастан, біз бұл оқиғаның түрлі нұсқаларда дамуы мүмкін екендігін жоққа шығармаймыз», - деп атап өтті Разак. Билік өкілінің мәлімдеуінше, жерсеріктерінен берілген белгілер ұшақты біреулер басып алған жағдайда да ол тек екі әуе бағытында ұшуы мүмкін деген болжам жасауға негіз береді. Оның бірі Таиландтың солтүстігінен басталып, Қазақстанға қарай бағытталады. Ал екінші әуе жолы Индонезия елінен Үнді мұхитының оңтүстік бөлігіне қарай ұласады. Осылайша, енді жоғалған лайнерді іздестіру аумағы бұрынғысынан әлдеқайда ұлғая түсуі мүмкін. Еске сала кетейік, ішінде 227 жолаушысы мен 12 экипаж мүшесі бар Boeing 777-200 ұшағымен байланыс 7 наурыз күні Малайзия астанасынан ұшып шыққаннан кейін екі сағаттан соң үзілген. Бейжіңге бет алған әуе кемесі бұл уақытта Кота-Бару қаласынан 120 теңіз миль қашықтықта Оңтүстік Қытай теңізінің үстінен ұшып бара жатқан.

Соңғы жаңалықтар