Малайзиялық ұшақ апатынан қаза тапқандардың мәйіттері Нидерландыға жеткізіле бастайды
АСТАНА. ҚазАқпарат - Malaysia Airlines авиакомпаниясының «Боинг» ұшағының Украина шығысындағы апаты кезінде қаза тапқандардың денелері тану үшін сәрсенбі күні Нидерландыға жеткізіле бастайды. Лайнердің «қара жәшіктері» ағылшындық Фарнборо қаласына жеткізілді, деп хабарлады Би-би-си.
Марқұмдардың мүрдесін таситын алғашқы ұшақ Нидерландының Эйндховен қаласының әуежайына жергілікті уақыт бойынша сағат 16.00-де келуі тиіс. Мұның алдында Харьковте қаралы рәсім өтіп, қатысушылар қаза тапқандарды бір минут үнсіздікпен еске алды. Нидерланды үкіметінің өкілі Лодевейка Хеккингтің айтуынша, 60-қа жуық табыт екі ұшақпен Эйндховенге жеткізілді.
Би-би-си тілшісі Дэниел Сэндфорд хабарлағандай, Харьков әуежайына жеткізілетін апат құрбандарының денесі кәдімгі ағаш табыттарға салынды. Қазір мамандар лайнер бортында болған 298 адамның тек 200-інің ғана мәйітін таныды. Эйндховенде марқұмдардың денелерін голландық корольдік отбасы мүшелері мен Нидерланды премьер-министрі Марк Рютте күтіп алады. Мәйіттер танылу үшін Хилверсум қаласына жеткізіледі. Рюттенің айтуынша, бұл жұмыстар бірнеше айға созылуы мүмкін. Австралияның премьер-министрі Тони Эбботтың айтуынша, әзірге Харьков қаласына қанша мүрденің жеткізілгені, қаншасы апат орнында қалғаны белгісіз. «Көптеген мүрделер әлі ашық жерлерде жатуы әбден мүмкін. Олар ыстықтан бүлініп немесе жабайы аңдарға жемтік болуы да мүмкін», - деді Канберрадағы баспасөз мәслихатында Эбботт. Бұдан бұрын Малайзия өкілдері апатқа ұшыраған ұшақтың «қара жәшігін» Нидерландының тергеушілеріне берген. Олар оны британдық Фарнборо қаласындағы авациялық оқиғаларды тергеу бөліміне жіберді. Британдық мамандар алған «қара жәшіктердегі» деректер кейіннен голландиялық және украиндық сарапшыларға тапсырылады. Фарнборо сарапшыларында ұшқыштар кабинасында қайғылы оқиға алдындағы соңғы сәттерде болған жайттарды анықтауға мүмкіндік беретін техника бар.