Мәлік Мырзалин мүгедек балалардың аналарымен кездесті

КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Айырықша қажеттілікке мұқтаж балалардың аналары Ақмола облысының әкімі Мәлік Мырзалинннің қабылдауында болды. Кездесуде психоневрологиялық дерті бар мүмкіндігі шектеулі балалардың жартылай стационарын кеңейту туралы айтылды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА.

Мәлік Мырзалин мүгедек балалардың аналарымен кездесті

Аталған мәселені облыс әкімі тұрғындармен кездескен кезде Индира Ахметова көтерген болатын.

«Мұндай мәселелер бірден шешілмейді. Бірақ Сізбен толық келісемін және бастамашыл топ құрамында жеке қабылдауыма шақырамын»,-деген еді сол кезде әкім.

Әкімнің қабылдауында Индира Ахметовамен бірге Гаухар Камилинова және Ольга Войтенко болып, халықтың атынан өз мұң-мұқтаждарын жеткізді.

«Біз баратын арнайы орталықта психоневрологиялық дерті бар балалармен бірге тірек-қозғалыс аппараты бұзылған балалар бірге тәрбиеленеді. Бұл мүлдем дұрыс емес. Неше жылдан бері оларды бөлу үшін арнайы ғимарат жоқ екендігін айтып келеді»,-дейді аналар.

Қала басшылығы бұл мәселені назарға алып, қосымша орталық ашу қажеттілігіне қолдау білдірді.

Мәлік Мырзалин аналардың пікірін мұқият тыңдап, мәселені шешу жолдарына үңілді.

«Сіздерге қаншалықты қиын екендігін түсінемін. Бірақ бұл мәселе жылдам шешіледі деп уәде бере алмаймын. Ғимарт тұрғызу немесе жөндеу сияқты жұмыстарға біршама уақыт кетуі мүмкін» деген облыс әкімі бұл мәселені қала басшылығына тапсырды.