Малика Ермек: бапкерлер мен командаға алғыс айтамын
ХАРБИН.KAZINFORM – Шорт-тректен Қазақстан құрамасының спортшысы Малика Ермек Kazinform тілшісіне сұхбат беріп, қысқы Азиада жүлдегері атанғаннан кейінгі әсерімен бөлісті.

Қазақстандық спортшы алтын медальға бір табан жетпей қалғанын жасырмады.
– Негізгі мақсат алтын медаль болған. Алайда жарыс кезінде аздаған кедергілер болып, мәреге екінші болып келдік. Азия ойындарына көп назар аудардық, дайындық және көңіл күй, бәрі тамаша болды. Эстафетадан кейін, 500 метр жекелей сында жарыс жолына шықтым. Өкінішке қарай жолым болмады. Бірақ, алға қойған мақсаттарымды толық орындадым, - деді Малика.
Отандасымыз қысқы Азия ойындарының ұйымдастырылу деңгейін жоғары бағалады.
– Бұл менің Харбин қаласына бірінші рет келуім. Осыған дейін, Бейжің қаласында Әлем кубогына қатысып, Хулунбуир қаласында қысқы Азиадаға дайындық өткіздік. Жалпы, Қытай спорттық жарысты әрдайым жоғары деңгейде өткізеді. Сонымен қатар, мұнда мұздың сапасы өте жақсы, жақсы көрсеткіштер жаратуға мүмкіндік көп, - дейді Малика.
Малика Ермек бүгінгі күміс медаль Қазақстан құрамасының Азиадада аралас эстафетадан жеңіп алған алғашқы күміс жүлдесі екенін айтты. Осыған дейін, отандық шорт-трекшілер қола медаль еншілеген. Сондай-ақ, ол Қазақстандық жанкүйерлерді өздерін қолдауға шақырды.
– Ертең біз 1000 метрден ширек финалда жекелей сында жарыс жолына шығамыз. Командалық сында, қыздар 3000 метрден эстафетада, ал ұлдар 5000 метрден эстафетада бақ сынайды. Қолдау білдіріп жатқандарға көп рақмет! Біз әрдайым дайынбыз, жалғасты қолдауларыңызды күтеміз. Сіздердің қолдауларыңыз біз үшін ерекше маңызды, - деді ол.
Соңында, спортшы барлық бапкерлер мен командаға өз алғысын білдірді.
– Барлық бапкерлерге және біздің командаға ұлкен алғысымды білдіремін. Олардың қолдаулары және жан-жақты көмектері біздің жақсы нәтижеге қол жеткізуімізде маңызды рөл атқарады,- дейді Малика Ермек.
Айта кетейік, Қазақстандық шорт-трекшілер бүгін Қытайдың Харбин қаласында өтіп жатқан қысқы Азия ойындарынның шорт-тректен 2000 метрге сырғанаудан аралас командалық эстафетада өнер көрсетті. Қазақстандық Денис Никиша, Әділ Ғалиахметов, Яна Хан және Малика Ермек мәреге екінші болып жетіп, ел қоржынына алғашқы медальды салды.