Маман алматылықтарды өз бетінше кенеге қарсы өңдеу жұмыстарын жүргізбеуге шақырды

None
Фото: istockphoto.com
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихаты барысында ҚР Денсаулық сақтау министрлігі санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің «Ұлттық сараптама орталығы» филиалының директоры Берік Баймұрзинов алматылықтарға өз еркімен учаскелерді кенеден тазарту жұмысын жүргізуге болмайтынын айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Спикердін сөзінше, препарат қауіпсіз болса да, тұрғындардың өз аумақтарында дезинфекция жүргізуіне болмайды. Денсаулық сақтау шараларын толық ұстанбаса, қауіп төнуі мүмкін.

«Препарат қауіпсіз болса да, барлық нұсқаулықтарға сақтау керек. Кенеге қарсы тазалау жұмыстарын мамандар барлық дезинфекция шараларын сақтай отырып және тек рұқсат етілген, сертификатталған препараттармен жүргізеді. Сенімді және сертификаттанған мамандарды шақыруға кеңес береміз», - деді Берік Баймұрзинов.

Орталық басшысының айтуынша, тазарту жұмыстары екі кезеңде «фаворит ВКЕ» қауіпсіз инсекто-акарицидтік препаратын қолдана отырып жүргізіледі.

«Кенеге қарсы дезинсекциялық өңдеу негізінен кене энцефалитінің табиғи ошақтарында жүргізіледі. Бұл Алма - Арасан шатқалы, Медеу табиғи паркі, Көктөбе саябағы, Бутаков шатқалы, Қарағайлы шатқалы, Наурызбай ауданындағы таулы жерлер», - деп қорытындылады спикер.


Соңғы жаңалықтар