Маман даярлаудың негізгі талаптары Кәсіби-техникалық кеңесте бекітілетін болады - ҚР Білім және ғылым министрлігі

АСТАНА. Қыркүйектің 21-і. ҚазАқпарат /Арман Асқаров/ - Бүгінгі таңда мұнай-газ және тағы басқа салалар бойынша маман даярлаудың негізгі талаптарын әзірлеуді жұмыс берушіге жүктеу ұсынылып отыр.

Маман даярлаудың негізгі талаптары Кәсіби-техникалық кеңесте бекітілетін болады - ҚР Білім және ғылым министрлігі

Осыған орай әзірленетін барлық стандарттар Кәсіби-техникалық кеңесте қаралып, бекітілетін болады. Бұл туралы бүгін Астанада басталған «Қазақстандағы энергетика апталығы» аясындағы конференцияда ҚР Білім және ғылым министрлігінің жауапты хатшысы Фархат Қуанғанов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Оның сөзіне қарағанда, бүгінгі таңда жұмыс беруші компаниялар жас мамандарды даярлау бойынша халықаралық талаптарды негізге ала отырып, белгілі бір стандарттарды енгізуге байланысты нақты ұсыныстар жасай алады. «Қазіргі кезде бұл іске мемлекет тарапынан арнайы қаржы бөлінуде. Ең бастысы, кез келген салада куәлік берудің ұлттық жүйесі қалыптасуы тиіс. Алдағы уақытта біз кейбір талаптарды таңдап, мұнай-газ саласы үшін енгізуді көздеп отырмыз. Аталған жұмыс бойынша салалық ұйымдар осыдан екі апта бұрын құрылған Кәсіби-техникалық кеңеске ұсынатын болады. Кеңес қарастыратын талаптар белгілі бір саланың негізі ретінде бекітіледі», - дейді Ф.Қуанғанов.