Маман: «ҚазТАГ» агенттігінің қызметі мемлекеттік ақпарат саясатын жылжыту талаптарына жауап бермеді

АСТАНА. ҚазАқпарат - Астанада Байланыс, ақпараттандыру және ақпарат комитетінің шарт талаптарын орындамағаны үшін айыпталған Сейітқазы және Әсет Матаевтардың ісі бойынша сот талқылауы жалғасуда.

Маман: «ҚазТАГ»  агенттігінің қызметі мемлекеттік ақпарат саясатын  жылжыту талаптарына жауап бермеді

Еске салсақ, Матаевтың бақылауындағы «ҚазТАГ» агенттігі БААК-пен жасасқан шарттар бойынша күн сайынғы негізде ашық түрде мемлекеттік қызмет және елдегі іске асырылып жатқан мемлекеттік бағдарламалар туралы ақпаратты орналастыруы тиіс болатын.

Сот отырысы барысында ҚР Қаржы министрлігі Қаржылық бақылау комитетінің маманы Дариға Апейісова «ҚазТАГ» материалдары азаматтарға жабық түрде жарияланғанын хабарлады. Бұл шартты бұзу болып табылады. Салдарынан, тергеу нұсқасы бойынша, 2010-2015 жылдардағы  негізсіз жұмсалған қаражат 169 миллион теңгені құраған.

«Барлық ақпараттық хабарламалар шектеулі. Білетінім, бұл үшін жеке төлем бар, ал заңға сәйкес ол ашық түрде орналастыруы тиіс болатын», - деп атап өтті ол.

Маманның сотта айтқандары филологиялық сараптама нәтижелерімен расталады.

Отырыс барысында  сараптаманы жүргізуге қатысқан филологиялық ғылымдар докторы, профессор Евгения Журавлева тиісті мәлімдемемен шықты.

Жабық түрде жарияланатын және/немесе ақылы жазылуды талап ететін материалдар   мемлекеттік ақпараттық саясатты жылжытуға жата ма деген сұраққа жауап берген Журавлева: «Бұқаралық ақпарат құралдары туралы» ҚР Заңының «Сөз, ақпаратты алу және тарату бостандығы» 2-бабына сәйкес  мемлекеттiк органдар, қоғамдық бiрлестiктер, лауазымды адамдар мен бұқаралық ақпарат құралдары әрбiр азаматты оның құқығы мен мүддесiне қатысты құжаттармен, шешiмдермен және ақпарат көздерiмен танысу мүмкiндiгiн қамтамасыз етуге мiндеттi екендігін» мәлім етті.
  

Маманның пікірінше, жабық түрде жүзеге асырылатын ақпарат халыққа қолжетімді болмайды. Бұл «ҚазТАГ» агенттігіне мемлекеттік ақпараттық саясатты жылжытуға мүмкіндік бермейді, басқаша айтқанда, агенттік жасалған келісімдерді бұзды.