Мамандандырылған ХҚКО қызметкерлері 250 көлікті заңсыз тіркеген
Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасы ұсынған ақпаратқа сәйкес, бұл тізбекте «Азаматтарға арналған үкімет» АҚ-ға қарасты мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығының қызметкерлері, сондай-ақ Оңтүстік Кореядан көлік алып келуді жолға қойған К. есімді азамат күдікті деп танылды.
«К. есімді азамат мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығының қызметкерлерімен қылмыстық келісімге келіп, Қазақстан Республикасының аумағында көлік құралдарын тіркеуге негіз болатын құжаттарға жалған мәліметтер енгізгені белгілі болды. Осы заңсыз әрекеттерінің нәтижесінде күдікті бастапқы мемлекеттік тіркеу үшін белгіленген алымдар, яғни 340 млн теңгеден астам соманы төлеуден жалтарған. Тергеудің осы кезеңінде 250 көлік заңсыз әкелініп, тіркелгені анықталды», - деді Алматы қалалық ПД ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының бастығы Жанат Нұрғалиев.
Айтуынша, аталған іс ҚР ҚК-нің 385-бабы бойынша тіркелді.
Қозғалған қылмыстық істі Алматы қалалық Полиция департаментінің анықтау басқармасы тергеп жатыр.