Мамандар алаяқ турагенттерден сақтанудың жолдарын айтты

АСТАНА. ҚазАқпарат - Алаяқ турагенттердің саны көбейіп барады. Бұл туралы «Туристік Қамқор» корпоративті қорының баспасөз қызметі мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Мамандар алаяқ турагенттерден сақтанудың жолдарын айтты

«Соңғы кездері алаяқ турагенттердің саны көбейді. Олар туристерден жолдамалардың толық құнын жинап алып, аяқасты жоқ болып кетуде. Оның үстіне шетелге демалуға шыққан отандастарымыздың арасында алақол туроператорлардың әрекеттерінің кесірінен қонақүйге орналаса алмай, елге қайтуға билеттің сатып алынбау секілді жайсыз оқиғаларына тап болып жатады.  Сол себепті «Туристік Қамқор» Қоры шетелге шықпас бұрын, алдымен өзіңіз тоқтайтын қонақ үй бронын, елге кері қайту билеті мен ТУРКОД-ты тексеріп алуға кеңес береді», - делінген таратылған хабарламада.

ТУРКОД деген не? Туристік код 11-13 (шығатын елге қатысты) қаріптік-сандық символдардан тұрады. Ол әр жолдаманы ресімдеген кезде автоматты түрде беріледі. Турист күтпеген жағдайға тап болған кезде Қормен байланысып, өзінің туркодының нөмірін хабарлайды және шұғыл түрде 24 сағаттың ішінде көмек күтуге құқылы.

«Туркод жеке парақпен немесе жолдамаға жазылып берілуі мүмкін. Олай болмаған жағдайда, туроператордың қызметі заңсыз деп танылады және сіз олардың қызметіне күмәнмен қарап, бірден бас тартуға құқылысыз.  Келеңсіз жағдайға тап бола қалған жағдайда, ТУРКОД сіздің ең жақын уақыттағы рейспен елге аман-есен оралуыңыздың кепілі. Туроператорға туристік кодты Қор жарна мен  банктік кепілдемелер төленгеннен кейін ғана береді», - деп атап өтілген «Туристік Қамқор» хабарламасында.

Бүгінгі таңда «Туристік Қамқор» қорының құрамына 56 туроператор мүшелікке енген. Олардың тізімімен fondkamkor.kz сайтында танысуға болады. Алайда Қазақстанда шетелге шығумен айналысатын ұзын саны 140 компания қызмет етеді.

Айта кетейік, Қазақстанда 2016 жылдың қарашасында заңнамалық деңгейде Қазақстан Республикасындағы шетелге шығу туризмі аясында азаматтардың құқықтарына кепілдік беретін «Туристік Қамқор»  жүйесі енгізілді. Қордың бүкіл жұмыс істеген уақытында 507 мың қазақстандықтарға туркод берілді.