Мамандар Алматы облысында қар көшкіні жүретін аумақтарды зерделеп шықты
АСТАНА. ҚазАқпарат - 27 қаңтарда Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданының Түрген және Есік өзендері алабы бойынша қар көшкіні қауіпті учаскілерге «Қазселденқорғау» ММ бас аппараты мен АОПБ филиалының мамандары және «География институты» ЖШС табиғи қауіп-қатер зертханасының меңгерушісі В.П. Благовещенскиймен бірге жерүсті зерттеуін жүргізді, деп хабарлайды «Қазселденқорғау» ММ баспасөз қызметі.
Зерттеу барысында Түрген-Батан автожолының 23, 23.5 және 23.6 шақырымында 1026, 216, 55 текше метр көлемінде үш қар көшкіні түскені анықталды. Жалпы 1 297 текше метр қар көшкіні автожолды толығымен жауып қалды.
Сондай-ақ, Есік өзені алабы бойынша «Есік қ.-Есік өз.» автожолы өткелі ашық. Зерттеу барысында қар көшкіні жүру құбылысы анықталмады. Алайда, метеорологиялық жағдайдың өзгеруі жағдайында қар көшкіні жүруі мүмкін.
«Түрген ауылы-Батан шатқалы» автожолының 15 және 25 шақырымына дейін және «Есік қаласы - Есік өзені» автожолының 8-ден 14 шақырымына дейінгі аралықтағы қар көшкініне метеорологиялық жағдайдың өзгеруі немесе жабайы аңдардың жүріп өтуі себепші болды деген қорытынды жасалды.
Сондай-ақ, «Қазселденқорғау» мамандары Есік гидробекет бақылаушыларына Түрген және Есік өзені арнасы бойынша қар көшкіні жағдайы мен мұз құбылыстарын қатаң бақылауды, жағдайдың асқынған кезінде Есік бөлімінің диспечерлік бекеті мен жауапты кезекшісін шұғыл хабарлауды тапсыруды ұсынды.