Мамандар дайындауға арналған инновациялық жаңа технологияның таныстырылымы әлем бойынша алғаш рет Алматыда өтті

АЛМАТЫ. Мамырдың 22-сі. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Бүгін Алматыда халықаралық «Invensys Process Systems» (IPS) компаниясы мамандар дайындауға арналған инновациялық виртуалды жаңа технологиялық өнімінің әлем бойынша алғашқы таныстырылымын өткізді,

Мамандар  дайындауға арналған инновациялық жаңа технологияның таныстырылымы әлем бойынша  алғаш рет Алматыда өтті
деп хабарлайды ҚазАқпарат. Бұл шара Қазақ-Британ техникалық университетінде болды. «Immersive Virtual Reality Process» деп аталатын өнім инженерлер мен энергетика, химия, мұнай-газ және өнеркәсіптің өзге де өңдеуші салаларының мамандарын дайындау үшін жасалған. IPS-тың Солтүстік-Батыс Европа және Африка бойынша бас менеджері Серена Лангтың айтуынша, ол өндіріс үдерісі кезінде орын алатын қателіктердің алдын алып, қауіпсіздікті қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ кәсіпорындардың шығындарын да айтарлықтай азайтады. Сол себепті жаңа өнім әлемдік өнеркәсіптің дамуына, соның ішінде Қазақстанға өз ықпалын тигізбек. Қыркүйек айынан бастап қолжетімді бола бастайтын жаңа өнімге қазірдің өзінде көптеген компаниялар тапсырыс бере бастаған. «Қашаған» кен орнын игеру кезінде де қолданыс табады деп жоспарланып отырған жаңа технологиямен жұмыс істейтін мамандар енді ҚБТУ-да дайындалмақ.