Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Мамандар елордалықтарға субұрқақтарға шомылуға тыйым салуда

АСТАНА. ҚазАқпарат - Шыжыған ыстық астаналықтардың мазасын қашырды. Соңғы бір аптада ауа температурасы 30-35 градусқа дейін көтерілгеннен бері қала тұрғындары өзен-көлді емес, көшедегі фонтандарды жағалап кеткен, деп хабарлайды КТК телеарнасы.

Мамандар елордалықтарға субұрқақтарға шомылуға тыйым салуда

Әсіресе, бала-шаға қала ортасындағы ашық сұрбұрқақтарға жатып алып, қоғамдық орынды шомылатын мекенге айналдырған.

Қала әкімдігі субұрқақтарға түсушілерге айыппұл салуға да дәрменсіз. Себебі, заңда мұндай әрекетке барғандар үшін еш жаза қарастырылмаған. Ескерту тақтайшасы ілінсе де, астаналықтар су ішінен шығар емес. Мамандар субұрқақ суының құрамы айына бір рет сараптамадан өтіп тұратынын айтады. Құбырлары күнде тазартылғанымен, шомылуға арналмаған екен. Алайда ата-аналар балаларын шомылдыруға әуес. Олардың фонтанда тайып жығылып, түрлі жарақат алу қаупі де көбейіп отыр. «Субұрқақ суына шомылуға болмайды. Өйткені судың иісі шығып, тот басып, балдырлар өсіп кетпес үшін оған түрлі химиялық заттар қосылып отырады. Ал ол заттар адам терісіне өте қауіпті», - дейді ҚР Тұтынушылар құқын қорғау агенттігі, СЭҚД директорының орынбасары Марал Рақымжанова.