Мамандар жауын жауса Алматы көшелерін неліктен су басатынын түсіндірді

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматы көшелері жауын жауса неліктен су астында қалатынын қалалық Табиғи ресурстар және табиғатты пайдалану басқармасының мамандары айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Мамандар жауын жауса Алматы көшелерін неліктен су басатынын түсіндірді

Алматылықтар синоптиктердің жауын туралы ақпаратын әдетте үлкен қобалжумен қабылдайды. Өйткені, көшелер демде суға толып, жол қозғалысында коллапс орын алады.

«Арық жүйесі меридиандық бағытта оңтүстіктен солтүстікке секундына 0,11-0,22 текше метр су өткізе алады. Ал ендік бағытта секундына - 0,05-0,11 текше метр. Жол бойындағы арықтың диаметрі 50 см. Арықтар суару жүйесі ғана емес, олар сондай-ақ жауын суын сыртқа ағызуға арналған. Алайда, суды сыртқа шығаратын жүйенің толық жұмыс істемеуіне байланысты жауын суы түгел ағып кетпейді. Қатты дауыл тұрғанда арықтарды қоқыстар бітеп қалады. Салдарынан кей учаскелерді су алып кетеді», - деді басқарма басшысының орынбасары Айдын Темешов.

Темешовтың сөзіне қарағанда, жақында қаладағы арық суларын ағызып жіберетін жүйе салынады.

«Жалпы ұзындығы 448,5 шақырым болатын арық жүйесін, сондай-ақ Есентай өзенінде тазалау құрылғысын орната отырып, нөсер суының кәріз жүйесін салу бойынша жобалау-сметалық құжаттама әзірлеу жөнінде 2018-2020 жылдарға арналған ұсыныстар дайындалды. Бұл құрылғы қаладағы жауын суын өзенге ағызып жіберуге мүмкіндік береді. Бұл өз кезегінде орталық көшелерді су басуының алдын алады», - деді ол.

Басқарма өкілінің ұсынған мәліметіне сүйенсек, 2010-2016 жылдары жалпы ұзындығы 128 шақырым болатын арық жүйесі салынып, жөнделген.

2017 жылы Алатау, Әуезов аудандарында  ұзындығы 14,7 шақырым болатын, Бостандық, Медеу аудандарында 42 шақырым арық жүйелері салынып жатыр.
null