Мамандығыңды жақсы көрсең, алынбайтын қамал жоқ – Сағыныш Назкенов
ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM – Білім беру саласында, соның ішінде мектепке дейінгі білім беру мекемелерінде ерлердің үлесі тым аз. Мәселен, Солтүстік Қазақстан облысындағы осындай 449 мекемеде үш мыңға жуық педагог болса, соның 172-сі ғана ер адам. Төрт-ақ ер адам тәрбиеші болып жұмыс істейді. Содан да болар, бүлдіршіндермен ертеңгілікте билеп жүрген жігіттің желідегі бейнеролигі көпті сүйсінтті. 23 жастағы Сағыныш Назкенов «Батыр» балабақшасында музыка пәнінің мұғалімі.

— Сағыныш Русланұлы, сіздің балабақша бүлдіршіндерімен билеп жатқан видеоңыз әлеуметтік желіде тарады. Бұл қашан болған еді, биді сіз үйреттіңіз бе?
— «Ақшақар» деп аталады ән. Жаңажылдық ертеңгілікке дайындаған биіміз. 1,5 ай бойы қыздармен кім қай жерде тұрады, кім кімнен кейін шығады, бидің қозғалыстарын қайталап, жаттықтық. Өзім бұрын мүлде билемегенмін. Бірақ балалармен жұмыс істегесін бәрін білуің керек. Қазір бірге ән де жаттаймыз, билейміз де.
Ал жұмыс сәтінің әлеуметтік желіге тарағанын анам айтып, көрсетті. Таң қалғаным рас. Оқырмандар әлі де қолдау көрсетіп жатыр.
— Бұл мамандыққа қалай келіп жүрсіз?
— Бала кезімнен мұғалім болуды армандадым. Кейін М.Жұмабаев атындағы жоғары колледжді музыка пәнінің мұғалімі мамандығы бойынша бітірдім. Домбырада, фортепианода ойнаймын. Әпкем де ұстаз. Қазақ тілі және әдебиеті пәнінің мұғалімі болып еңбек етеді.

— Бүлдіршіндермен жұмыс істеген қиын емес пе? Бұл жұмыстың ерекшелігі неде?
— Балабақшада жұмыс істеп жатқаныма биыл екінші жыл. Аз-мұз тәжірибем бар. Жақсы ұжымға түстім, әріптестерім үнемі қолдап, ақыл-кеңестерін аямайды. Ең бастысы — маған балалармен жұмыс істеген ұнайды. Ал істеген ісің ұнағанда ешқандай қиындық кедергі бола алмайды.
Мектепке дейінгі кезеңде тәрбиенің негізі қаланады, яғни музыкаға деген қызығушылықты оятып, шығармашылық қабілеттерін дамытуға міндеттіміз. Сабақта ән айту дағдыларын дамытамыз, музыкалық мәдениетті үйренеміз.
Мерекелерге дайындық көп уақытты алады. Бірақ, менің ойымша, осындай дайындықтар, жаңа ән, би үйрену балаларға ұнайды.
Бір топта жиырма шақты бала бар. Жұмыс істеу оңай емес, алайда тәрбиешілер үлкен көмек көрсетеді.

— Қызықты оқиғалар жиі болып тұратын шығар?
— Әрине, еркелейді. Бірі жаңалығымен бөліскісі келеді, енді бірі ән айтқысы келмей, ойнайды. Ұялшақ балалар бар. Әрқайсысының тілін табуға тырысамын.
— Колледжі сізбен бірге неше жігіт бітірді, олар мамандық бойынша жұмыс істеп жатыр ма?
— Топта қыздардың арасында жеті жігіт болдық, қазір солардың менен басқа екеуі ғана мамандық бойынша жұмыс істеп жатыр. Көпшілігі басқа салаға кетті, оқуын әрі қарай жалғастырғандар бар. Ал мен бұл салада жұмысымды жалғастырамын, болашағымды тек осы мамандықпен көремін.
Бұған дейін шетелдік фильмдерге қазақша дубляж жасап жүрген петропавлдық бойжеткен туралы жазған едік.