Мамандық таңдауға көмек: жаңа платформалар іске қосылды
АСТАНА. KAZINFORM – Енді мектеп оқушылары мен колледж студенттері мамандық таңдап, жұмыс табуды ертерек үйрене бастайды. Бұл үшін бірнеше цифрлық платформа іске қосылып жатыр. Негізгі мақсат – жастарды еңбек нарығына алдын ала дайындау. Бұл туралы ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі хабарлады.

– «Мансап компасы» платформасында жыл сайын 100 мың білім алушыны қамту жоспарланған. Онда жалпы білім беретін мектептердің 7–11-сынып оқушыларын кәсіби диагностикалау бойынша жаңа функция әзірленді. Платформа студенттерге кәсіптер мен өзекті жұмыс орындары туралы ақпарат беріп қана қоймай, сондай-ақ кәсіптік диагностика жүргізуге, мансаптық кеңес алуға және жұмыс берушілермен өзара іс-қимыл жасауға мүмкіндік береді. Бұл мамандықты тиімді таңдауға және түлектерді жұмысқа орналастыруға ықпал етеді, - дейді министрлік өкілдері.
Одан бөлек, 500 мың оқушы мен техникалық және кәсіптік білім ұйымдарының студенттері үшін «Электрондық еңбек биржасы» бірыңғай цифрлық платформасы іске қосылды.
– «Электрондық еңбек биржасы» бірыңғай цифрлық платформасын қолдана отырып, мансап орталықтары арқылы жұмыс іздеуге және жұмысқа орналастыруға оқытуды ұйымдастыру жоспарлануда. Бұл оларға өз резюмелерін жіберуге, онлайн режимде сұхбаттасудан өтуге, еңбек шарттарын жасап үйренуге мүмкіндік береді, - дейді ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі.
Жауапты министрлік жастарды жұмыс іздеуге үйрету шараларына ден қойып отыр.
– Іске асырылып жатқан және іске асыруға жоспарланған іс-шаралар еңбек нарығының заманауи талаптарына жауап беретін кадрлар даярлаудың тиімді жүйесін құруға мүмкіндік береді. Бұл іс-шара бойынша жұмыс басталды және ол негізгі 3 кезеңнен тұрады:
Оқушылар мен ТжКБ студенттері үшін жұмыс іздеу және жұмысқа орналасу бойынша Электрондық еңбек биржасының мүмкіндіктері туралы оқыту материалдарын (бейнесабақтар, презентациялар, дәрістер және т.б.) әзірлеу;
Оқу материалдарын Skills.enbek.kz платформасына орналастыру;
Оқушылар мен ТжКБ студенттерін Skills.enbek.kz платформасында жұмыс іздеу және жұмысқа орналастыру дағдыларына оқыту, - делінген министрліктің жауабында.
Айта кетейік, оқушылар мен студенттер Skills.enbek.kz платформасында жұмыс іздеуді, резюме толтыруды, онлайн сұхбаттасуға қатысуды, еңбек шартын жасауды үйренеді.
Естеріңізде болса, бұған дейін Астанада республикалық «Жұмысшы мамандықтар қаласы» фестивалі өткенін хабарлаған едік.