Мамандығым - мақтанышым!

Кітапқа құрмет, кітаби білімге құштарлық ешқашанда жоғалмасы анық. Кітапсіз өскен өскелең ұрпақ замана көшінің ұрымтал тұсын аңдай алмай, қарша бораған ақпарат тасқынының астында көміліп қалуы ғажап емес. Көне кітаптар сөйдейді. Оған қоса әлем философтары да осы ойды баса айтуда.
Әлқисса, кітапханаға келгенде сізге ізет танытқан ізгі жандар күліп қарсы алады-дүр. Бұл! Бұл - кітапханашылар! Қажыр-қайрат пен жүйкені қажет ететін машақаты мол бұл мамандықты түсініп, төккен тер, елпарасы қанық еңбекті елеп-ескеріп жүрген адамдар аз шығар-ау, шамасы. Әрбір оқырманға тез арада қызмет көрсетіп, іздеген кітабын жеделдетіп тауып беру де оңай жұмыстың қатарынан емес. Осы тұрғыда, Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университеті кітапханасында Оқырманға қызмет көрсету бөлімінің алар орны алабөтен деп білеміз. Айта кететін басты мәнақа - Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев дәстүрлі «Қазақстан халқына Жолдауында» бәсекеге қабілетті ұрпақ тәрбиелеп, өркениет көшінен өз үлес-сыбағасын алатын зайырлы қоғам, зиялы орта қалыптастырып, білім жүйесін дамытуды басты приаритет ретінде атап өткен болатын. Бұның өзі басты назар ғылым-білім мен кітапхана жүйесіне ауатыны айтпаса белгілі. Заман талабына сай кітапхана - ақпараттық қоры мол һәм мәдени, рухани орталық! Оқу ордаларында білім беру, қажетті кітаптармен қамтамасыз ету - кітапханалардың міндеті!..
Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінде білім берудің жаңаша үлгісі, оқытудың оңаша үдерісі - кредиттік технологияның ендірілуі білімнен өз еншісін алғысы келетін студенттердің өзіндік білім алу деңгейін арттыруға бағытталғаны Оқу бағдарының анық екенін аңғартады. Осы тұрғыда, кітапхана мамандарын оқыту мен тәрбиелеудің сапасын көтеру, ғылыми-техниканың жаңа жетістіктерін игерген кадр даярлау қолға алынды. Бүгіндері, педагогтардың қабілет-қарымын дамытуда кітапхананың үлес салмағы үлкен, зайырлы қоғам қалыптастырудағы міндеті зор екені айдан анық. Қара шаңырақтың ғылыми кітапханасы ғылыми қызметкер, оқытушы, студенттердің сұранысына сәйкес толыққанды қызмет көрсетіп, ғылыми мақалалар жазуға әрі сапалы білім алуға мүмкіндік бере алатын үлкен мәдени-рухани орталыққа айналғалы қашан!.. Ғылыми кітапхана қорында оқулық, монография, классикалық көркем әдебиет, сирек кітаптар мен қолжазбалар, мерзімді басылымдар қат-қат қатталған, жинақы жиналған-ды. Кітапхананың қызмет көрсету ауқымы кең және қарқыны қатты ақпараттық технологиялар ұрпақ дүниетанымын кеңейтіп, тарауы сан салалы білім атаулысы жастар санасын бекіте түсері сөзсіз. Жаңа ғасыр, жаңа заман, жаңа адам талабы - таудай десек қате айтпаған болар ек. Университеттегі ғылыми кітапхананың жалпы қоры - 1050653 дана, оның 649602 данасы мемлекеттік тілде, 6073 басылымы электрондық һәм магниттік нұсқада сақталған-ды. Жыл сайын кітапхана 10000 данаға жуық оқу, оқу-әдістемелік, ғылыми және көркем шығармалар әдебиеттерімен толықтырылады. Кітапхана мемлекеттік әрі орыс тілінде 350 астам мерзімді басылымдарға жазылған.
Бүгіндері кітапхана кешенінің материалдық-техникалық базасы барлық заманауи талаптарға жауап береді. Оқырмандар үшін 2 абонемент және 5 оқырман залы, электронды ресурстар залы жұмыс істейді. Оқырмандарға қызметкер көрсету мақсатында электронды ресурстар орталығындағы барлық компьютерлер ақпараттық жүйеге қосылған. Оқырмандар ғаламтор желісі, республикалық университетаралық электронды кітапхана корпоративті, оқу ордасының қорын қолдана алады. Кітапхананың оқырмандарға арналған библиографиялық каталог пен электрондық технологиялармен қамтамасыз ету жұмыстары автоматтандырылған. КАБИС жүйесі бойынша қызмет көрсетеді. Бұл бағдарламада оқырман қолданысына оңтайлы қазақ әрі орыс тілдерінде интерфистер мүмкіндігі бар. Оқырмандар электронды оқулықтар, каталог және аудио-баспаларды пайдалануға мүмкіндігі бар екені баршаға аян-дүр. Электронды оқу залдары компьютер, принтер, сканермен жабдықталған-ды. Ғылыми кітапхана университет сайтының білім порталына электронды ресурстарын енгізгені елге мәлім. Қазақ мемлекеттік Қыздар педагогикалық университетінің кітапханасы Республикалық жоғары оқу орындарының электрондық кітапханаларымен келісімшартқа отырып, оқытушы-профессорлар құрамының еңбектерін электронды кітапхана базасына енгізу жұмысын жүргізуде. Абонемент - кітапхананың ең маңызды бөлімі. Алғашқы күннен бастап-ақ жаңадан келген оқырманға таныс, ыңғайлы әрі әдебиеттерді үйге бере алатын жалғыз бөлім. Бөлімде білігі мен білімі, іскерлігі мен ісмерлігі қатар ұштасқан мамандар жұмыс істейді. Олар оқырманға әдебиетті таңдасуға келгенде таптырмас жандар екеніне көзіңіз жетеді. Табандылығы мен еңбекқорлығына таңданасыз, таңырқайсыз! Кітапханада істеу де таңырқау! Абонемент бөлімі оқырмандарға семестрлік оқулық кешенін кешіктірмей даярлап, олардың тапсырыс бойынша берілген қажетті оқулықтарымен қамтамасыз етеді. Кітап қоры қазақ және орыс тілдеріндегі көркем әдебиеттер мен қатар әр түрлі білім саласындағы әдебиеттер, оқулықтар, көмекші оқу құралдарынан құралған. Бір оқу жылында 8840 оқырманға бірыңғай оқырман билеті арқылы қызмет көрсетеді. Жалпы күндізгі бөлім студенттерінің саны - 4897, сырттай бөлім студенттерінің жалпы саны - 2315, I-II курста оқитын магистранттардың жалпы саны - 231, 6 докторант, оқытушылар - 680 және қызметкерлер - 632, академиялық ұтқырлық бағдарламасымен келген студенттер саны - 21, дайындық бөлімі - 60 адамнан тұратынын ескерсек, кітапханашыларға түсетін атан-жүктің қаншалықты ауыр екенін түсінесіз!..
Осынау ауқымды жұмыстарды атқарып жүрген Оқырманға қызмет көрсету бөлімінде кітап тұсаукесері, конференция, пікір алмасу, дөңгелек үстел, поэзиялық әрі әдеби-сазды жиын, ақын-жазушылардың және мұқым жұртқа аты мәшһүр қоғам қайраткерлерінің мерейтойларына арналған кездесу кештерін тұрақты түрде өткізіп тұру дәстүрге айналған десем ақиқаттан алыстамаймын!.. Соңғы жылдары «Бір ел - бір кітап» сынды акциялар жүргізілді. Тағы да, кітапханаға түскен жаңа әдебиеттерді көру, кітап көрмесі, кейбір мекемелердің сұранысы бойынша көшпелі кітап көрмелері ұйымдастырылып, библиографиялық шолулар жасалып тұрады. Өткізілген шаралар өз БАҚ арқылы барша жұртқа насихатталуда. Бөлім басқада оқу ордаларымен және түрлі мекемелермен бірлесіп жұмыс жасайтыны ешкімге жасырын емес!.. Ұжым жемісті жұмыс істемесе - кітапхана үлкен жетістікке жетпес еді деген ой көптің көкейінде...
Ғылыми кітапхана заман талабына жауап беретіні, шыны керек, көңілге қуаныш ұялатады. Қазіргі кезде рухани қазына орталығына айналған кітапхана мәртебесін көтеру барысында тың жобалар туындауда. Мәселен, 17 сәуір күні Қарашаңырақтың жетпіс жылдық мерейтойына орай «Университет кітапханалары және ғылым мен білім саласында ақпараттық қызмет көрсету» атты ғылыми-практикалық конференцияның ұйымдастырылуы - үлкен бастаманың басы, Оқу ордасы басшыларының кітап, кітапхана, кітапханашы тағдырына бей-жай қарамайтындығының белгісі екені бесенеден белгілі жай.
Маңызды мәселені қозғаған мақаланы қорыта келгенде айтарым - кітап барда, кітапхана барда және кітапханашы мамандығы барда - адамзат азбайды, талапкердің парасат-пайымы, ақыл-ойы бір мысқалға да кемімейді, таным-түсінігі кемшілік атаулысынан ада болып, білімі өңге білімпаздардан бір сатыға да төменшік тартпасына сенімім мол, үмітім зор!
Әлібек Байбол