Мамандығының суығына тоңып, ыстығына күйген адам кәсібін ауыстырмайды – жетісулық ветеринар

ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат - Жетісу облысы Көксу ауданының тұрғыны Қайрат Мұратәлінов қарапайым еңбек адамы. 20 жылдан аса мал дәрігері болып еңбек етіп келеді. Еңбегіне қарай өнбегі. Бүгінде білген-түйгенін жастарға үйретіп жүр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Мамандығының суығына тоңып, ыстығына күйген адам кәсібін ауыстырмайды –  жетісулық ветеринар

Қайрат Мұратәлінов 1963 жылы қазіргі Қаблиса жырау ауылында өмірге келген. 1980 жылы мал дәрігері мамандығы бойынша білім алды. Содан бері Көксу аудандық ветеринария станциясында еңбек етіп келеді. Бұл қызметте жүргеніне 20 жылдан асты.

Айтуынша, әр кәсіптің, яғни мамандықтың өзіне тән ерекшеліктері болады. Егер адам өз мамандығын жақсы көретін болса, соның қыр-сырын терең меңгеріп, суығына тоңып, ыстығына күйсе ешқашан кәсібін ауыстырмайды.

«Жұмыстың оңайы болмайды. Әр кәсіптің өз қиыншылығы бар. Адам бір салаға маманданып, сол мамандығының қыр-сырын меңгерсе сонда ғана ондай жан қоғамға да, өзі еңбек ететін ұжымға және жеке өз басына да пайдасын тигізбек. Ал, керісінше болса, ондай адамнан қоғамға да, өзіне де пайда жоқ. Мен өз мамандығымды өте жақсы көремін. Мал дәрігері болғаннан кейін қыс, жаз, күз отгонға барамыз. Жазда жайлауға барамыз. Жауын шашын болады. Мал дәрігерлік сүйіп қалаған мамандық болған соң істейміз. Төрт- түлікті қазір қолдан ұрықтандырамыз, асылдандырамыз. Әр жұмыстың өзінің қиыншылығы болады. Бәріне де төзе білу керек», - дейді Қайрат Мұратәлінов.

Мал дәрігерінің сөзінше, кейде жұмысы таңғы 4-тен кешкі сағат 19-00- дейін жалғасады екен. Аудандағы 115 мыңнан аса малға әр алты ай сайын уақытылы екпе жұмысын жүргізеді.

Бүгінгі күні Қайрат Мұратәлінов жастарға өз білген, түйгенін үйртіп жүр.

«Қайрат ағамен бірге жұмыс істеп келе жатқаныма міне 9 жыл болды. Осы уақыт ішінде мамандығымның қыр-сырын осы кісінің арқасында меңгердім. Бұл кісіге рақмет. Біз сияқты жас мамандарға үйретуден жалыққан емес. Қайрат аға- жұмысына үлкен жауапкершілікпен қарайтын, тәжірбиесі мол, адамгершілігі зор адам»,- дейді Ерлан Ешбаев Көксу аудандық ветеринария станциясының бас маманы.

Еңбек адамы құдай қосқан қосағымен 5 бала тәрбиелеп отыр. Қазірде ұл- қыздарынан 13 немере сүйді. Еңбегі еселеніп, бірқатар дипломдар мен құрмет грамоталарына ие болған.

Осы жылдың маусым айында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайдың негізгі отырысында ең үздік еңбек адамдарын мемлекеттік деңгейде ұлықтау туралы бастама көтерген еді.

«Қажетсіз мамандық болмайды, біліксіз маман болады. Ерінбей еңбек еткен жан өз ісінің майталманы атанады. Ал, кәсібін толық меңгерген адам қашанда сұранысқа ие болады. Біз еңбек адамының мәртебесін көтеруге баса мән береміз. Елімізде түрлі саланың кәсіби мерекесі бар. Көбінесе мұндай мейрамдар назардан тыс қалып жатады. Менің ойымша, «Еңбек күніне» орай ең үздік мамандарды мемлекеттік деңгейде ұлықтаған жөн. Бұл қадам қоғамда еңбек культін орнықтыруға жол ашады. Шын мәнінде, қандай жұмыс істеп жүргенің емес, оны қалай істеп жүргенің әлдеқайда маңызды. Министр немесе әкім болсын, құрылысшы, дәрігер, мұғалім болсын, ең бастысы, әркім өз міндетін адал атқаруы керек. Нанын адал еңбекпен табуы керек», - деп атап өткен болатын Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев нағыз еңбек адамы- ең алдымен, өзіне жүктелген міндетті орындау үшін барын салып еңбек ететін білікті маман. Нағыз еңбек адамы бұл – істің адамы, яғни әр ісіне, әр қадамына жауапкершілікпен қарайтын адал азамат екенін айтқан болатын.