«Мамандықтар әлеміне жол ашамыз» форумына еліміздің әр өңірінен 160 оқушы келді

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Астанада басталған «Мамандықтар әлеміне жол ашамыз» атты форумға еліміздің түкпір-түкпірінен келген 160 оқушы қатысуда. Шара М. Өтемісов атындағы оқушылар сарайында өтіп жатыр.

«Мамандықтар әлеміне жол ашамыз» форумына еліміздің әр өңірінен 160 оқушы келді

«Біз бүгін «Мамандықтар әлемін ашамыз» атты тұңғыш форумға қатысып отырмыз. Шараға әр облыстан 7-11 сыныптардың 10 оқушысынан келді. Олардың әрқайсысы облыстық сынақтан сүрінбей өткендер. Сондықтан, бүгін Астанаға әр облыстың ең үздік оқушылары келді деуге болады. Форумның басты мақсаты балаларға болашақ мамандығын таңдауда жол көрсетіп, бағыт-бағдар беру», - деп атап өтті ҚР БҒМ Республикалық қосымша білім беру орталығының ғылыми-техникалық, экологиялық-туристік бағытының жетекшісі Дінмұхаммед Қалиев. Оның айтуынша, бүгінгі заман талабы бойынша балалар өзінің болашақ мамандығы туралы мектеп партасында отырып-ақ білуі тиіс. «Егер біз балаларды болашақ мамандығын дұрыс таңдауға баули алсақ, олар мектеп бітірген кезде қандай мамандықты таңдау керек екенін, қоғамда қандай орын алатынын, сондай-ақ туған елінің дамуына қандай үлес қоса алатынын анық білетін болады. Бұл форум биыл бірінші рет өткізіліп, бірақ біз оны екі жылда бір рет өткізіп тұру жоспарда бар», - деді ол. Форум бағдарламасында «Болашақ мамандыққа қадам» республикалық көрмесі, «Мамандық таңдайтын кез келді» республикалық конкурсы және басқа да сайыстар мен іс-шаралар қарастырылған.