Мамин Қарағандының ескі көліктерді қайта өңдеу зауытында болды
Кешен 26-шы шілдеде «Сарыарқа» арнайы экономикалық аймақ аумағында іске қосылған болатын . Кәсіпорынның Орталық Азия бойынша баламасы жоқ.
Жоба 2015-2019-шы жылдарға арналған индустриалды-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде жүзеге асырылады. Оның жалпы құны - 3,4 млрд теңге. Жыл соңына дейін балқыту және пиролиздік цехтердің құрылысын көздейдін жобаның екінші кезеңін аяқтау жоспарланған.
«Қазіргі таңда зауыт құрылысының бірінші кезеңі іске қосылды. Пайдаланудан шыққан көлік құралдарын жинау бойынша белсенді жұмыстар жасалуда. Автоқоқысты біздің зауытқа республикамыздың түпкір-түпкірінен алып келеді. Осыған дейін 30 мыңнан астам машина қабылдап үлгердік. Әлі де қабылдау жалғасуда», - деді «RecyclingCompany» ЖШС басқарушы директоры Әзімжан Оспан.
«Автомобильдерді сығымдап, фракцияларға бөлу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Құрылыстың екінші кезеңінде балқыту цехі мен пиролиздік өндіріс қарастырылған. Бүгінде құрылғыларды орнату жүзеге асырылуда, жұмыстарды толықтай жыл соңына дейін бітіруді жоспарлап отырмыз.
Пайдаланудан шыққан көліктердің қалдықтарынан болат, алюминий, түрлі-түсті металдардың қоспалары, сондай-ақ резеңке ұнтағы мен көмірсутек өндіріледі. Сонымен қатар зауыт кәсіпорынды жылумен қамту үшін өз қажеттіліктеріне жарататын және сатылымға қоятын пешке қажетті жанармай шығара бастайды.
Кәсіпорын басшылығының мәлімдеуінше зауыт жылына 40 мыңнан астам ескі машиналарды қайта өңдеуге қауқарлы. Өнім ел ішінде сатылатын болады.
«Сату нарығы бар. Қазір зауыт тестілік режимде жұмыс істеп жатыр. Өнімді сату бойынша біз әлеуетті тұтынушылармен келіссөздер жүргізіп жатырмыз», - деді Әзімжан Оспан.
Асқар Мамин жобаның маңыздылығын атап өтті және де Үкімет тарапынан жан-жақты қолдау көрсетілетінін жеткізді.
Сонымен қатар бірінші вице-премьер «Сарыарка» АЭА-ты жаңа өндіріс ошақтарымен толтыру туралы баяндаманы тыңдады. Қазір мұнда алты кәсіпорын жұмыс істеп жатыр. Тағы алты жоба алдағы уақытқа жоспарланып отыр. Тағы онға тарта орын бос.
Сонымен қатар аймақтағы жүзеге асырылып жатқан негізгі жобалар таныстырылды. Олардың қатарында байыту комбинаты, Доре алтын кесектерін өндіретін зауыт, қуаттылығы 100 МВт күн электр станциясының құрылысы, кондитерлік фабриканы жаңғырту, бариттік руданы қайта өңдеу кешені және т.б.
Барлығы облысымызда шамамен 100 тауашалы жобалар әзірленген, және оның төрттен бір бөлігін «Сарыарқа» АЭА аумағында жүзеге асыру жоспарланып отыр.
«Жалпы соңғы 8 ай қорытындысы бойынша біз облыста өндіріс өсімі 4,7%-ға ұлғайғанын көріп отырмыз. Бұл орташа республикалық деңгейден төмен, алайда ол да жаман көрсеткіш емес», - деді Асқар Мамин.